Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Жұмабаев ауданында әкім ауысты

М. Жұмабаев ауданының басшысы ауысты. Әкімнің креслосында 3,5 жыл отырған Асқар Бекмановтың орнына Қайрат Омаров келді. Бұған дейін мемлекеттік қызметші облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік еткен болатын. Өңірдің бірінші басшысы Құмар Ақсақалов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, Қайрат Омаровқа бірнеше маңызды тапсырманы жүктеді.

Алдымен, Құмар Ақсақалов М.Жұмабаев аудандық мәслихатының 23-ші кезектен тыс сессиясына қатысты. Бұнда өңір жетекшісі аудан тізгінін облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметінде жүрген Қайрат Омаровтың қолына тапсыруды ұсынды. Халық қалаулылары кандидатураны бір ауыздан қолдады. Бұдан соң облыс әкімі аудан активімен жүздесті. Бұрынғы әкім Асқар Бекманов ауданды 3,5 жылдай басқарды. Бірақ жеке себептермен креслосын бостауды шешкен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Осы жылдарда нәтижелі жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелге барып оқып, білімділігімді көтерейін деп шешім қабылдағаннан кейін, мен оны аудан әкімі лауазымынан босаттым.

Бекманов, өз кезегінде, нәтижелі жұмыс үшін өз ұжымына алғысын білдірді. Тіпті, шетелдегі оқуын аяқтаған соң, мүмкіндік болса, ауданға қайта оралғысы келетіндігін де жеткізді.

Асқар Бекманов – М.Жұмабаев ауданының экс-әкімі:

– Құрметті әріптестер! Сіздермен 3,5 жыл бойы жұмыс атқарғаныма өте қуаныштымын. Ұжым, Құмар Іргебайұлы, өте тәжірибелі. Бұдан да маңызды жұмысты бұлжытпай атқаруға өмірлік тәжірибесі де, білімі де жетеді деп айта аламын.

Бұдан соң М. Жұмабаевтықтарға жаңа басшы таныстырылды. 39 жастағы Қайрат Омаровты өңір жетекшісі көптеген кандидаттардың ішінен таңдаған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қайрат Омаровтың мамандығы – заңгер және агроном. Бұған дейін Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ал 2015 жылдан бері облыстық ауыл шарашылығы басқармасына жетекішілік етіп келді. Өңірдің ең құнарлы деген жерлері сіздің ауданыңызға тиесілі. Мұнда аграрлық секторды дамыту әлеуеті жоғары. Сондықтан осы сала маманын басшылыққа қоюды жөн көрдім.

Шынымен де, Қайрат Омаров ауыл шаруашылғы басқармасына басшылық еткен 3,5 жылдың ішінде салаға тартылған инвестиция көлемі 25 пайызға артқан. Тағы, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан минералдық тыңайтқыштардың көмегімен биыл қамбаға астық молынан құйылды.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Артып отырған сеніміңіз үшін мың алғыс! Асқар Бекманов ауданды гүлдендіру жолында біраз шаруа атқарды. Мен де осы жұмысты жалғастырып, өлкені ілгерілетуге бар күшімді, тәжірибем мен білімімді салатын боламын.

Бекманов атқарған шаруа ауқымды, бірақ М. Жұмабаев ауданында шешімін таппаған мәселелер бар. Осы орайда Құмар Ақсақалов жаңа басшыға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ауданда биылғы орақта мардымсыз өнім алған қожалықтар бар. Мұндай шаруашылықтардан жерді тартып алып, мемлекет меншігіне қайтару қажет деді Ақсақалов. Тағы жыл басталғалы ауданға сырттан асыл тұқымды ірі қараның бір де бір басы әкелінбеген, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша несие алған жұмабаевтықтар да жоқтың қасы. Қайрат Омаров жағдайды түзетуі тиіс. Ал тындырылатын жұмыс жемісті болуы үшін өңір жетекшісі жаңа басшыға жақсы кеңес берді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мен келдім, барлығын жоямын, менен басқа ешкім жұмыс істемеген екен деген сөз болмасын! Кадрлық революция жасама! Өзің көріп отырсың, обылысқа келгелі бері мен өзіммен бір де бір адамды алып келген жоқпын. Осы жердің азаматтарымен жұмыс істеп жатырмыз.

Бұдан соң облыс әкімі осыдан шамамен бір ай бұрын ашылған Батыр Баян атындағы спорт кешеніне бас сұқты. Оның құрылысына 117 млн теңге жұмсалған. Мұнда футбол, волейбол, күрес пен ауыр атлетика секциялары және тренажерлық зал бар. Булаево жастары спортпен бұған дейін мектеп қабырғасында шұғылданса, енді әсем ғимаратта шынығу мүмкіндігіне ие.

Ризабек Укенов – Батыр Баян атындағы спорт кешенінің бапкері:

– Осындай ыңғайлы, жылы спорт кешенін салып, оқушылардың болашағын ойластырып жатқандарыңызға үлкен алғыс айтып, бас иемін.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

 – Елбасы жолдауында балаларға және жастарға арналған спорт орталықтары ашылуы керек. Олар қалада ғана емес, аудан орталықтары мен ірі ауылдарда да ашылуы тиіс. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасын табады. Тағы бірнеше ауданда мұндай кешендер ашу жоспарда.

Кешенге тек жеткіншектер ғана емес, денсаулығын жақсарту үшін аға буын өкілдері де ағылады екен. Құмар Ақсақалов осы жерде салауатты өмір салтын ұстанатын жұмабаевтықтармен тілдесті. Олардың кешен тұрғызып бергендерге алғыстары шексіз.

Сара Зікірина – зейнеткер, Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Аптасына үш рет келіп, спортпен шұғылданамыз. Жаттықтырушылар бәрін ұйымдастырады, тренажерлер де бар. Денсаулығымыз жақсы.

Спорт кешені таңғы 9-дан кешкі 10 ға дейін жұмыс істейді. Күндізгі уақытта мектеп оқушылары жаттықса, кешке жұмыстан шыққан жұмабаевтықтар шынығады екен. Осылайша, бір күнде нысан 100-ге жуық адамды қабылдай алады.

 

 

 

Саят Ермек