Білім

“Болашақ” шәкіртақысына 25 жыл

Биыл Президенттің “Болашақ” халықаралық шәкіртақысын тағайындағанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында әлемнің ең озық университеттерінде 13 мыңнан астам отандық дарынды жас білім алып, елге қайта оралған. Енді олар білген-үйренгендерін Қазақстанды дамыту үшін пайдалануда.

Саят Ермек – тілші:

– “Болашақ” стипендиясын Нұрсұлтан Назарбаев 93-ші жылы тағайындады. Талантты, жалынды жастардың әлемнің үздік деген университеттерінде білім алуына жол ашатын бұл жобаға биыл 25 жыл толып отыр. Содан бері Президент берген мүмкіндікті 13 мыңнан астам отандас пайдаланса керек. Бірқатары қазір біздің облыс игілігі үшін де еңбек етіп жүр.

Солардың бірі – Мадияр Қожахмет. Бүгінгі облыс әкімінің орынбасары 2006 жылы Чехияның бас қаласы Прагаға аттанып, магистрлік білім алып қайтқан. Мамандығы – экономика және менеджмент. Оның дипломын қолына алғанына биыл тура 10 жыл толыпты. Содан бері үздіксіз мемлекеттік қызметте жүр. Шетелде білген-түйгенін мемлекеттік қызметші қазір өңірді дамыту жолында пайдаланып келеді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ел ұнады, әдемі еуропалық қалалардың бірі, бірақ, негізгі мақсат – шетелде оқып, өз еліме пайда тигізу болды. Сондықтан, сол жерде қалу мүмкіндігін мүлде қарастырмадым. Мүмкіндігімізше жұмыс жасап жатырмыз, ал тиімділікке өзгелері баға бере жатар.

Ал, Евгений Глотов болса “Болашақ” түлектеріне жүктелген міндетті шаһар деңгейінде атқарып жүр. Ол – Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселер жөніндегі орынбасары. Қалалықтардың мұң-мұқтажын тыңдау, проблемаларын шешу – оның күнделікті қызметі. Евгений Глотов 2012 жылы “Болашақ” степиндианты атанып, “халықаралық коммерциялық құқық” мамандығын меңгеру үшін отбасымен Лондонға оқуға аттанған. Еуропадағы өмір қаншалықты сапалы, әдемі болғанымен, бүйрегіміз әрқашан отанға бұрып тұрды дейді Евгений.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Онда дәмді қазақтың еті, бауырсақ жоқ. Осының бәрін дайындап беретін анаң да шалғайда. Сондай-ақ, зайыбым екеуіміз алты айлық нәрестемізді атасы мен әжесіне қалдырып кеттік. Елді қатты сағынғанымыз есімде. Демалыстарда барып тұруға тырысатынбыз. Бірақ, ел игілігіне қызмет ету үшін оқу қажет екенін түсіндік. Сондықтан, сапалы білім алуға тырыстық.

Президент берген мүмкіндікті пайдаланып, шәкіртақыға ие болған тағы бір жерлесіміз – әріптесім, арнамыздағы қазақ редакциясының шеф-редакторы Гүлмира Шоқтыбаева. Ол тұманды альбиондағы Кардифф универистетінің түлегі. Қызыл дипломын биыл қолына алды. Көп ойланбай туған қаласы Петропавлға қайта оралды. Себебі, “Болашақтың” түлегі бірден бас қалаларға жол тартпай, өңірлерді дамытуға да үлес қосуы тиіс деп санайды.

Гүлмира Шоқтыбаева – МТРА қазақ редакциясының шеф-редакторы:

– Шынын айту керек, шетелде білім алып, озық технологияларын, жұмыс тәртібін және білім беру саласын көріп келген мамандар Астана, Алматы, Шымкент сынды еліміздің алдыңғы қатарлы қалаларында жұмыс істегісі келеді. Бірақ, өңірлерге ешкімнің барғысы келмейді. 3 жылдық жұмыс мерзімін бекіткеннен кейін біраз білікті мамандар өңірлерге келіп жатыр. Менің ойымша бұл дұрыс шешім болды.

Саят Ермек – тілші:

– Төрт құрлықтың озық деген ЖОО-ларында білім алған “Болашақ” түлектері бүгіндері бизнес, экономика, білім беру мен медицина және мемлекеттік қызмет сынды ондаған салада жемісті еңбек етіп жүр. Шетелден алған тәжірибелері мен білімдерін олар Қазақстанды гүлдендіру үшін пайдалануда. Мәселен, қазірдің өзінде 20-дан астам “Болашақ” түлегі СҚО-да мемлекеттік қызметте жүр екен. Ал, 2018 жылы жалынды жастарға 550-дан астам шәкіртақы бөлінген.

Саят Ермек