Әр түрлі

8 теріскейлік “100 жаңа есім” жобасының дауыс беру кезеңіне өтті

Ертең “Қазақстанның 100 жаңа есімі” байқауының қатысушыларына дауыс беру науқаны аяқталады. Бұл жалпыұлттық жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылы алғашқы рет жүзеге асқан болатын. Биыл тізімге 67 теріскейлік табысты азаматтың кандидатурасы ұсынылыпты. Олардың 8-і дауыс беруге жіберілген.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма тетарының бас режиссері. Қара шаңыраққа осыдан шамамен екі жыл бұрын келген жас дарын бүгінге дейін жергілікті сахнада оннан астам спектакль қойып үлгерген.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының бас режиссері, көркемдік жетекшісі:

– Екі жыл зу етіп өте шықты. Осы театрда жұмыс жасап жатқаныма өкінбеймін, қайта қуанамын. Қанша спектакль қойдық, қанша жобаларды жүзеге асырдық, қанша мақсатқа жетіп, фестивальдерге бардық. Бұл басы ғана деп ойлаймын.

Оның қойылымдарынан ерекше сарын мен креатив байқалады. Жас режиссердің бастамасымен театр қол жеткізген толағай табыстар жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Жуырда ғана труппа Румыния астанасы Бухаресттегі фестивальге қатысып келген. Сондай-ақ, театр Алматыдағы Орта Азия фестиваліне әйгілі “Қарагөз” драмасын апарып, үш бірдей жүлдемен оралған. Бұл ауқымды жұмысты өңірлік мәдениет басқармасы бағалап, биылғы “100 жаңа есім” тізіміне жас әрі талантты режиссердің кандидатурасын ұсынған.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының бас режиссері, көркемдік жетекшісі:

– “100 жаңа есім” жобасына жақын таныстарымның кандидатурасын ұсынған екен. Соларды қарап отырып, көзім өзімді шалып қалды. Қатты таң қалдым. Бұған,әрине, рахмет. Бұлтеатрымыздың жеңісі, спектаклдеріміздің арқасы. Олар көрермендердің көңілінен шығып жатыр.

Елбасының ұсынысы бойынша өткен жылы бастау алған “100 жаңа есімнің” алғашқы тізіміне 8 бірдей жерлесіміз енген болатын. Ал биыл олардың қатары өзге лайықты теріскейліктермен толықпақ.

Жангүл Жолмұқанова – СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысы биыл жобаға 67 кандидатты ұсынды. Олардың 8-і дауыс беруге өткізілді. Бұл жандардың арасында қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының қызметкерлері және бизнес өкілдері бар. Биылғы басты ерекшелік – азаматтық секторға ерекше көңіл бөлінген. Кез-келген қоғамдық ұйым өз кандидатын ұсыну мүмкіндігіне ие болды. Жеке азамат та өз қандидатурасын ұсына алды.

Фархад Молдағалидан бөлек жалпыұлттық жобаның дауыс беру кезеңіне жерлес қоғам қайраткерлері Ақжан Кәрім, Қайыржан Айсин, Руслан Растенов, Сәлімхан Сәбитов пен Санат Сейітов, тағы цирк әртісі Кирилл Столбовских және кәсіпкер Өмірсерік Әбиев өтті. Дауыс беру науқаны ертең, қарашаның 15-і тәмамдалады. Ал “100 жаңа есімнің” жаңа тізімі желтоқсанның басында жарияланбақ.

Саят Ермек