МТРА жаңалықтары

2023 жылға қарай теріскейде ұшақ шығарылады

2023 жылы теріскейде ұшақтар құрастырыла бастайды. Аталған жобаны Қазақстан авиациялық зауыты ресейлік әріптестерімен бірге жүзеге асырмақмақшы. Өңірімізде 26 орынға шақталған жолаушылар тасымалымен айналысатын Бе-132 және төтенше жағдайларға арналған Бе-103 әуе көліктері шығарылады.

Авиациялық зауыт Қызылжар ауданына қарасты Прибрежный ауылдық округінде орын теппек. Нысан әуежайдың маңында орналасады. Осы аймақтан жобаны жүзеге асыру үшін 200 гектардай жер бөлінген. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлануда.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Тура 2 жылдан соң дәл осы жерде авиациялық зауыт бой көтермек. Әзірге бұған сену қиын. Алайда, дайындық жұмыстары басталып кеткен. Ал, 2023 жылға қарай мұнда алғашқы Бе-103 ұшағының тұсауы кесілетін болады.

Жобаны серіктестік Ресей Федерациясындағы Георгий Бериев атындағы авиациялық ғылыми-техникалық кешенмен бірігіп іске асырмақ. Өткен жылы қос тарап Бе-132 ұшағын құрастыру бойынша меморандумға отырса, биыл бұндай келісім Бе-103 моделіне қатысты жасалды. Соңғысы – жаңғыртылған теңдесі жоқ әуе көлігі. Ол – амфибияық ұшақ. Яғни, суға да, құрғақ жерге де қону мүмкіндігі қарастырылған. Әдетте, төтенше жағдайлар кезінде қолданылады. Сондықтан, борт бар болғаны 6 адамға шақталған. Әуе көлігіне деген сұраныс бүгінде өте жоғары. Қазірдің өзінде АҚШ, Индонезия, Чили мен Еуропа елдері зауыттың потенциалды клиенттеріне айналып отыр.

Виктор Долженков – «Қазақстандық авиациялық зауыт» ЖШС бас директоры:

– Біздің серіктестік өз жұмысын өткен жылы «Казах инвест» қаржы ұйымының құрылтайшылығымен бастады. Сондай-ақ, Ресейлік Авиациялық ғылыми-техникалық кешенмен әріптестік қатынас орнаттық. Бірігіп құрастыратын ұшақтардың үлгілерін таңдау ұзақ уақыт алды. Сонымен, 26 адамға шақталған жолаушылар тасымалдайтын Бе-132 мен Бе 103 үлгісін шығарамыз деген келісімге келдік.

Кейін, серіктестік зауыт маңайында қызмет көрсету, сату орталығын да ашуды жоспарлап отыр. Оған қоса жергілікті жерде мамандарды даярлау ісін де қолға алу қажет. Алда қос тарап бұл мәселені де біржақты етпекші.

Михаил Гончаров – Г.М.Бериев атындағы авиациялық ғылыми-техникалық кешеннің ішкіэкономикалық байланыс және коммерциялық қызмет бойынша директоры, Таганрог қ, РФ:

– Біз тура бір жыл бұрын кездесіп, келісімге отырған болатынбыз. Солтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Сондықтан, зауытты дәл осы жерде тұрғызу – ұтымды шешім. Жалпы, бұл жобаның аясында қазақстандық авиация саласына қажет мамандар да дайындаланатын болады.

Жоспар бойынша компания жылына 100-ге жуық әуе көлігін шығаруды көздеп отыр.

Эльмира Садвокасова