Мәдениет

Пётр Чайковскийдің 125 жылдығына арналған кеш өтті

Петропавлда Петр Чайковскийдің 125 жылдығына орайластырылған концерт өтті. Оған шаһарымыздың жезтаңдай әншілері мен музыканттары қатысып, ұлы композитордың атақты туындыларын орындап шықты.

Бұл концерттік кеш танымал орыс композиторы, педагог және музыкант Петр Чайковскийдің шығармашылығына арналған. Биыл дарынның өнерін жоғары бағалайтын жандар оның 125 жылдық мерейтойын атап өтуде. Петр Чайковскийдің шығармашылығы бай және жан жақты. Мәселен, ол 10 опера, 3 балет, 7 симфония, 104 романс жазып қалдырған. Оның әлемдік музыка мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. Сондықтан, жұртшылық Чайковскийді – ең ұлы композиторлардың бірі деп таниды.

Наталья Римская-Корсокова, “СҚО орыс қауымдастығы” ҚБ төрайымы:

– Қарашаның 6-сында барша әлем Петр Чайковскийдің 125 жылдығын атап өтті. Бүгін біздің қаламызда да мерейтойға орай концерттік кеш ұйымдастырылып отыр. Оған облыстық филармонияның солистері мен өнер колледжінің ұстаздары және студенттері үлестерін қосуда.

Скрипка, фортепиано, виолончель. Бұл музыкалық аспаптардан әуелеген таныс шығармалар кештің көркін келтірді. Жиылған жұрт әуезді ән мен әдемі музыканың атмосферасына тәнті болды.

Петр Ильич Чайковскийге арналған шығармашылық кеш теріскейліктердің көңілінен шықты.

– Қаламыздың шығармашылық ұжымдарының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Себебі, олар бүгін Петр Чайковскийдің бірегей туындыларын орындады.

– Тамаша кеш ұйымдастырылыпты. Өнерпаздардың құлақтың құрышын қандырды. Осындай жиындар жиі болса екен деймін.

Достық үйінде өткен мерейтойлық концертте классикалық музыканы сағынған аға буын өкілдерінің қатары басым болды.

Ешкенова Дана