МТРА жаңалықтары

Форум жоғары деңгейде өтті

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы жоғары деңгейде өтті. Бұндай бағаны шара соңында қос мемлекеттен жиылған делегаттар берді. Әсіресе, көрші елден келген меймандарды қазақстандықтарға тән қонақжайлылық бей-жай қалдырмаған.

Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы ел аузында жүр. Шараны абыроймен өткізіп, әріптестік қатынастар орнатқан теріскейліктер де жарады, ауқымды шараның бір бөлігіне айналып, мейман ретінде келгендер де риза. Олай болмағанда ше? Қос мемлекеттегі туризм саласының тұтқасын ұстаған жетекші мамандардың басын бір алаңға жиып, өткір тұрған мәселелер талқыланды. Көршілес аймақтар жаңа келісімдер жасасып, даму әлеуетін бағамдады. Ресейліктер бұл жиынның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары деп бағалауда. Оған қоса, қазақстандықтарға тән қонақжайлылық та оларды баурап алған көрінеді.

Александр Бердников, Алтай Республикасының басшысы, Алтай Республикасы Үкіметінің төрағасы:

– Мен мұндай форумдарға талай рет қатыстым. Жалпы, қос мемлекет арасындағы байланыстың орнағаны соншалық, туған жерден алыстағанымды сезбеймін де. Көршілеріміздің арасында жақын достарым да, әріптестерім де аз емес. Сондықтан, Петропавл қаласына қуана-қуана келіп, шараға қатыстым.

Түмен облысының губернаторы болса ұйымдастыру деңгейін ғана емес, көрменің мазмұндылығын да атап өтті. Себебі, осы алаңда Қазақстанның барлық
өлкелерінің әлеуетімен танысуға болады дейді ол. Ал, бұл маңызды мағлұмат өз кезегінде келісімге келіп, меморандум жасасуға септескен.

Александр Моор, Түмен облысының губернаторы, РФ:

– Әр облыстың туристік саланы дамыту мақсатындағы айқын жоспары бар. Олардың барлығымен осы форум аясында таныстық. Жалпы, шараның аталған бағытқа арналғаны жақсы болды. Себебі, бұл сала жылма-жыл өркендеп келеді. Енді бірігіп әрекет етсек, қос мемлекетте де саяхаттау ісінің өрге домалайтыны сөзсіз.

Ал, Мәлік Мурзалин үшін бұл форум мен теріскей жерінің алар орны ерекше. Себебі, Ақмола облысының әкімі осыдан 10 жыл бұрын СҚ-да еңбек еткен. Сондықтан, ол Петропавлда осындай ауқымды шараның өткізілуін мақтан етеді. Әсіресе, осы уақыт ішінде шаһарда орын алған өзгерістерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді ол.

Мәлік Мурзалин, Ақмола облысының әкімі:

– Мен Петропавл қаласының жаңа кейіпке енгеніне қуаныштымын. Шаһарда су жаңа нысандар бой көтеріп, абаттандыру шаралары жүргізіліпті. Мен мұнда соңғы рет 2008 жылдың қазанында келген болатынмым. Содан бері қала адам танымастай өзгергені сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы жалпылай алғанда қос тарап үшін де, теріскей өлкесі үшін де жемісті өтті.

 

Эльмира Садвокасова