МТРА жаңалықтары

Форум аясындағы көрмені қалалықтар да тамашалады

Қала тұрғындары шаһардан шықпай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріне саяхаттап, түрлі мәдениеттермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сенбі күні петропавлдықтар үшін теннис орталығындағы көрме жұмыс істеді.

Тенис орталығы үш күн қатарынан жүздеген адамды қабылдады. Сенбіде де нысанда ұйымдастырылған көрмені тамашалау ниетті жандардың қатары қалың. Себебі, мұндай халықаралық шара шаһарда алғаш рет өткізілді. Қос мемлекет президенттерінің қатысуымен өткен форум аясында қаламыз гүлденіп, бірқатар нысандар халық игілігіне тапсырылған болатын. Соның бірінде міне көрме жұмыс істеуде.

Рабия Гумирова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Міне, бүгін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының аясында ашылған көрмеге келдік. Жалпы, қаламызда осындай ауқымды шараның өткеніне қуаныштымыз.

Көпшіліктің назары – виртауалды шындық аймағында. Кезек құрып, қызығушылық танытқандардың қатарында балалар да, егде жастағылар да аз емес. Себебі, бұл саяхат барлығынан ерекше болмақ. Тау мен тас, өзен мен көл, жазық дала. Еліміздің әсем табиғаты мен көрікті жерлерін жоғарыдан көруге болады. Мыңдаған шақырымды Петропавлдан шықпай-ақ виар көзілдіріктің көмегімен мезетте бағындыруға болады.

– Біздің Қазақстан қандай керемет. Жаңа ғана виар көзілдірікпен еліміздің түкпір-түкпіріне саяхаттап келдім деуге болады. Осындай мемлекетте тұратын біз және мұнда келетін туристер бақытты.

– Маған бұл көрме ұнады. Шараға анам және ініммен келдім. Қазір бауырым екеуміз виар аймаққа бармақпыз.

Кейін, жиналғандардың назарына голографиялық шоу ұсынылды.

 

 

Эльмира Садвокасова