МТРА жаңалықтары

Демалыс күні жерлестеріміз Оқушылар сарайын аралады

Өткен демалыс күндері петропавлдықтар мен облыс тұрғындары 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен Оқушылар сарайын аралады. Сәні мен салтанаты келісті нысанда жерлестеріміз IT, дрон мен робототехника кабинеттерін тамашалап, сәулетті мәжіліс залын қызықтады.

Бұл жолғы демалыс күндері петропавлдықтардың есінде көпке дейін сақталары хақ. Жерлестеріміздің бір тобы теннис орталығын тамашаласа, келесілері мемлекет басшыларының өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен оқушылар сарайына ағылуда. Балалар жағы нысанның ITI, робототехника кабинеттерін ерекше құлшыныспен тамашалап жүр. Соңғы жаңашылдықтармен танысқан оқушылар техника тілін меңгеруге баулитын үйірмелерге жазылуға асық.

Назар Қайырғали – М.Жұмабаев атындағы лицей оқушысы:

– Маған робототехника және лего кабинеттері қатты ұнады. Дрондар істейтін бөлмелер де қызықтырды. Биология кабинеті де көңілден шықты. Мен осындағы робототехника үйірмесіне келіп, оқығым келеді.

Көрген көзді сүйсіндірер заманауи ғимаратқа күллі отбасымен келген теріскейліктер аз емес. Шаһар тұрғыны Гауһар Буентинова демалысын пайдаланып, сарайға екі баласын ертіп келіпті. Нәзікжанды көзге жағымсыз көрінген ескі жер үйлердің орнына осындай сәні мен салтаны келісті нысан салынғандығына дән риза.

Гауһар Буентинова – қала тұрғыны:

– Осындай оқушылар сарайының салынғандығына қуанып жатырмыз. Бұрын тұрғын үйлер бар еді. Қазір міне осындай спорт кешені, теннис орталығы мен оқушылар сарайы салынды. Өте тамаша. Балаларға үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қалалықтар қуанышты, мұндай форум бірінші рет өтуде. Өте керемет сезімдеміз.

Оқушылар сарайындағы танымдық экскурсияны аға буын өкілдері де қызықтап жүр. Нысанды аралап жүргендердің арасында Қызылжар ауданының тұрғыны Дәметкен Махина да бар. Зейнеткер облысымыздың ауқымды жиынды ешбір сын-ескертпесіз, ойдағыдай атқарып шыққандығын айтады.

Дәметкен Махина – Соколовка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Екі арада осындай жақсы келісім болып жатқанына ризамыз. Бүгін біраз жерлерді араладық. Қуаныштымыз. Өңірде мұндай шара алғаш рет өтті. Президент келіп, қаланы тамашалады. Халықпен кездесті. Келешекте де қарым-қатынасымыз жиі болады. Мынадай үлкен ғимараттар салынып, келешек ұрпаққа қалады. Солардың баратын жерлері, білім алатын жерлері салынды.

Расында астықты өлке Қазақстан мен Ресей Президенттерінің кездесуін жоғары деңгейде өткізгені шүбәсіз. Енді шараға орай қолданысқа берілген бұл ғимараттардың қызығын жергілікті тұрғындар көреді.

 

Бахыт Садвокасов