БАҚ

Теріскейдегі форум жайлы 200 шақты БАҚ өкілі ақпарат таратты

Осы күндері екі мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары да маңызды шарадан табылып, орын алған соңғы оқиғалар мен тарихи сәттерді үздіксіз жұртшылыққа жеткізіп жатыр. Бұл орайда, оқушылар сарайында отандық және ресейлік 200-шақты журналистің ыңғайлы жұмысы үшін “Медиасити” орталығы жасақталды.

Екі тарап арасында жасалып жатқан меморандумдар, панельдік сессиялар, ал ең бастысы – қос мемлекет басшысының кездесуі. Қазақстан мен Ресей тұрғындарының назары бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарына ауған. Себебі, Петропавлға жиылған журналистердің барлығы қазір күн-түн демей халыққа осындағы ақпаратты жеткізуде.

Бірі теріскей төрінен тікелей эфирге шығып жатса, енді бірі ноутбуктан бас алмай сюжет жазуда. Бұл үшін оқушылар сарайында барлық жағдай жасалған. Форумнан хабар тарататын тілшілер мен тарихи сәтті камера объективіне түсіретін бейнеоператорларға деп арнайы «Медиасити» орталығы дайындалыпты. Бұл жерде төртінші билік өкілдеріне қажетті ноутбук, жоғары жылдамдықты интернет бар. Ауқымды шара жайлы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына уақытылы хабар тарату үшін қазір оқиғаның бел ортасында Алмагүл Жанпейісова жұмыс істеп жатыр. «Ақжайық» телеарнасы тілшісінің айтуынша, олар туризм туралы сюжет дайындап қана қоймай, өздері де бұл саланың дамуына үлестерін қосқан.

Алмагүл Жанпейісова – «Ақжайық» телеарнасының тілшісі, Орал қаласы, ҚР:

– Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 өңірімен шекаралас. Сондықтан, екі тарап арасында туризм даму үстінде. Бізде Орынбор өлкесімен бірлескен экспедиция жұмыс істейді. Ол осыдан шамамен 20 жыл бұрын жергілікті журналистердің мұрындық болуымен ашылған. Шара барысында қос өңірдің табиғаты сұлу, тарихы бай, қасиетті жерлерімен танысу мүмкіндігі қарастырылған.

«Медиасити» орталығында соңғы оқиғаларды ресейлік БАҚ-ның қызметкерлері де жарыса жазуда. Ауқымды шарадағы соңғы оқиғаларды түмендіктерге жеткізу үшін “Тюменское время” телеарнасының тілшісі Ирина Шипилова да аянып жатқан жоқ. Шекаралас өлкенің журналисін кешегі көрмеде еріктілердің қысылған сәтте қол ұшын созғандығы қатты тамсандырса керек.

Ирина Шипилова – “Тюменское время” телеарнасының тілшісі, Түмен облысы, РФ:

– Кеше кешкі сағат 9-да біздің түсірілім тобымыз материалды әріптестерімізге жіберерде бірқатар қиындықтарға тап болды. Сол кезде еріктілер сюжетті жіберуге керекті кабельді жылдам тауып берді. Өзге арна өкілдері де жанашырлық танытып, материалды жолдауға қолғабыс жасады. Бір сөзбен айтқанда қос елдің БАҚ өкілдерінің ұйымшылдығын да осы жерде көре алдым.

Жалпы қазақстандықтар мен ресейліктерді екі ел басшыларының кездесуіндегі соңғы жаңалықтардан хабардар ету үшін облысқа 200-дей БАҚ өкілдері келді. Олардың тең жартысы – Ресейдің журналистері.

Бахыт Садвокасов