Мәдениет

Омбы мемлекеттік академиялық драма театры актерлері спектакль қойды

Ресейлік өнер майталмандары теріскей сахналарында жарқырауда. Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында, Петропавлға гастрольдік сапармен Омбы мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері келді. Бұл жолы шекаралас өлкенің білікті труппасы жерлестерімізге “Правда – хорошо, а счастье лучше” спектаклін ұсынды.

Жергілікті театрға келген жерлестеріміздің көптігі соншалық, залда ине шаншар жер жоқ. Ал сахна төрінде Омбы мемлекеттік академиялық драма театрының белді актерлері өнер көрсетуде. Екі ел басшыларының кездесуі аясында шекаралас театр ұжымы, Александр Островскийдің пьесасынан алынған “Правда – хорошо, а счастье лучше” спектаклін сахналап жатыр.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Біздің театр да тыс қалған жоқ. Күні кеше Шоқан Уәлихановтың спектаклі қойылымы өтті. Бүгін бізде Омбының академиялық театры “Правда хорошо, счастье лучшее” атты қойылымын сахналауда. Ол Остров пьесасынан алынған.Олар өз өнерлерін барша көрерменге паш етуде.

Айта кетейік, омбылықтар жергілікті сахнада алғаш рет өнер көрсетіп жатқан жоқ. 145 жылдық тарихы бар академиялық театрдың жерлестерімізге ұсынары молынан. Репертуарлары бай. РФ-ның басты театр жүлдесі – алтын маска атағын 6 рет жеңіп алған ұжым, биыл 2 бірдей спектаклін кезекті марапатқа жолдапты.

Виктор Лопухин – Омбы мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

– Біз “Золотая маска” байқауына қос спектакльді ұсынып отырмыз. Алғашқысы “Время секонд-хэнд” болса, екіншісі “Отец” қойылымы. Ұжым қызметкерлері өз шеберліктерін ұдайы шыңдап отырады. Кезекті рет СҚ жеріне келіп, өзіміздің тамаша спектаклімізді ойнап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап жатқанымызға қуаныштымыз.

Бұл қойылымға көршілеріміз бірнеше ай дайындалса керек. Ол түсінікті де, спектакльге 30 актерден жасақталған труппа келген. Қойылым – қайырымды жігіт, оның анасы және ер азаматқа ғашық бикеш жайында өрбиді.

Актерлердің кейіпкерлерді сомдауына тәнті болған көрермендер, комедия соңына дейін олардың тағдырына алаңдап отырды.

– Декорациясы әдемі қойылым екен. Актерлері де көңілді, шебер ойнап шықты.

– Маған кейуананың рөлін сомдап шыққан өнер иесі қатты ұнады. Өте қызықты, тебірентерлік спектакльдердің бірі.

Алдағы 2 күнде жергілікті театр ұжымы болса, қалалықтар үшін “Тетки в законе” және “Ночь перед Рождеством” қойылымдарын сахналамақ.

Бахыт Садвокасов