МТРА жаңалықтары

Өңіраралық ынтымақтастық форумының алғашқы күнінде 20 келісім жасалды

Әріптестіктің жаңа деңгейі! Өңіраралық ынтымақтастық форумының алғашқы күнінде қос мемлекеттің өкілдері 20 меморандум жасасты.

Меморандумдар – бұл форум жұмысының жемісі. Себебі, шараның алғашқы күнінде Қазақстан мен Ресей делегаттары көрмені тамашалап, қос тараптың туристік әлеуетіне өз бағаларын берді. Енді екі ел өңірлерінің басшылары, мемлекеттік мекемелер, қауымдастықтар, туристік агенттіктер мен коммерциялық ұйымдар өзара тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс жасау үшін мәмілелерге отыруда.

Маңызды құжатқа Солтүстік Қазақстан облысының рестораторлары мен отельерлері қауымдастығы және Омбы облысы аспаздары қауымдастықтары да қол қойды. Сайран Хамзин мен Светлана Галкина осы форумда танысқан. Бірқатар мәселерді талқылаған соң, көп ұзамай бірнеше бағытта бірлескен шаруа атқаруды шешіпті.

Светлана Галкина – Омбы облысы аспаздары қауымдастығының президенті:

– Біз бірлесіп түрлі аспаздық фестивальдар өткізіп, мамандармен алмаспақшымыз. Сондай-ақ, Омбы облысындағы қазақ аспаздық өнерінің күндерін ұйымдастыру жоспарда бар. Омбыда қазақтар көп тұрады, қазақстандық туристердің ағымы да жоғары. Сондықтан, жергілікті аспаздар бізге келіп, ұлттық тағамдарды дәмді етіп әзірлеуді үйретсе дейміз.

Бұл теріскей үшін де, Омбы облысы үшін де пайдалы әріптестік болмақ. Шыны керек, бүгінде Солтүстік Қазақстандағы қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Мәміле жағдайды түзетіп, өңірдегі сервис сапасын жоғарылатуға сеп болады дейді Сайран Хамзин.

Сайран Хамзин – СҚО рестораторлары мен отельерлері қауымдастығының төрағасы:

– Турист бір елден екінші елге барғанда қонақ үйге жайғасады, жергілікті мейрамханаларда ұлттық тағамдардың дәмін татады. Сондықтан қызмет көрсету сапасын жақсартудың туризмді дамытуда алар орны орасан. Омбылықтар біздің даяшыларды, қонақ үй қызметкерлері мен рестораторларды оқытып, үйретсе дейміз. Біз де өз кезегімізде аянып қалмаймыз.

Ал, Екатеринбургтен ат терлетіп келген Наталья Ларионованың балалар туризмімен айналысатын бюросы бар. Бұл салада жұмыс ітеп жүрген 25 жылдың ішінде кәсіпкер 10 млн.-нан астам ресейлік балғынды федерация бойынша сауықтандыру лагерьлеріне аттандырған. Форумда Наталья 4 бірдей қазақстандық ұйыммен келісімге отырды.

Наталья Ларионова – “Детское бюро путешествий” компаниясының бас директоры, Свердлов облысы, РФ:

– Қазақстандық балақайлар бізге, Ресейге келіп, ал ресейлік бүлдіршіндер Қазақстанда демалса деген ойымыз бар. Алдымен, ақпараттық турлар ұйымдастырғымыз келеді. Яғни, қазақстандық тур агенттіктер бізге келіп, балалар туризмін қалай дамыту қажеттігін үйренсе дейміз. Бүгін тек құжаттарға қол қойдық. Ал дүйсенбіден бастап жұмыс жоспарын айқындамақшымыз.

Өңіраралық ынтымақтастық форумының алғашқы күнінде 20 меморандум жасалды. Бұл өңірлік деңгейдегі келісімдер. Ал жоғарғы мемлекеттік органдардың туризм саласында бірлесе атқаратын жұмыстарын айқындайтын құжаттарға пленарлық отырыс барысында қол қойылмақ.

Саят Ермек