Туризм

Туризм саласы кеңінен талқылануда

Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында бүгін бірнеше панельдік сессия ұйымдастырылды. Отырыстарда екі елдің сарапшылары саладағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша ой бөлісіп, озық идеяларын ұсынды. Солардың бірі – көрші мемлекеттердегі туризмді дамытуда заманауи технологияларды қолдану.

Туризм саласын дамыту үшін демалыс орындарын жақсылап жарнамалау қажет. Бұл ретте заманауи технологиялардың мүмкіндігін барынша пайдаланып қалған абзал. Бұл пікірді панельдік сессияға жиылған сарапшылар айтуда.

Әлібек Датбаев – Booking.com жетекші құрастырушысы:

–  Бүгіндері букинг тек туристерге қонақ үйлер мен бөлмелерді тауып беретін компания ғана емес, сонымен қатар түрлі турлар да ұйымдастыратын бірлестік. Тіпті мейрамхана мен баратын жеріңізге көлік те тауып береді. Біздің жұмысымыз туристердің демалысын жақсы өткізу үшін кішігірім детальдарға дейін ойластыруды көздейді. Сондықтан бүгіндері туристік нысандарды жарнамалағанда билборд іліп, парақшалар таратудың керегі жоқ. Оның барлығы ескірді. Қазір интернеттің, заманауи технологиялрдың мүмкіндігін барынша пайдалану керек. Сондықтан біздің компания осындай жолды таңдады.

Әлібек Датбаевтың бұл идеясын ресейлік сарапшылар да қостап отыр. Олар да туристерді көптеп тарту үшін, ең алдымен жарнаманы мықтап қолға алу керек дейді. Өйткені қос мемлекетте те туризм кенжелеп дамуда. Сондықтан табиғаты бай өңірлердің әлеуеті мен қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет.

Константин Гаранин – Краудсорсинг және маркетинг салаларындағы Ресейдің жетекші сарапшысы:

– Біз өңірлердің әлеуетін аша түсуге көмектесеміз. Мәселен, Ресейдің бірқатар өңірлерінің туристік жобаларын дамытуға ат салыстық. Қазақстан бойынша Риксос Бурабайды танымал етуге қолдау көрсеттік. Ол үшін ең алдымен сараптама жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы жағдайды бақыладық. Қазір ол жобаның мүмкіндігі зор екендігіне өздерің көз жеткізген шығарсыздар. Бұл өлке біртіндеп дамып келе жатыр.

Отырыс соңында туризм саласын дамыту үшін жан-жақты ойластырылған жоспар құру керектігі де айтылды. Айта кетейік, ондай жоба елімізде келер жылдан жұмысын бастамақ. Өйткені, бүгіндері Елбасының тапсырмасы бойынша «Қазақ туризм» компаниясы жалпыұлттық туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеуді қолға алған.

Магжан Ахмадина