Туризм

Республикалық орталық комуникациялар қызметінің көшпелі отырысы

Осы күні Петропавлда республикалық орталық комуникациялар қызметінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Баспасөз конференциясында Қазақстан мен Ресейдің туризм саласында жеткен жетістіктері мен алда атқарылатын кешенді жоспарлары сөз болды.

Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің ішкі және сыртқы туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері форумға орай құрылған алаңның әр түпкірінде кеңінен талқылануда. Бұл мәселе журналистер үшін ұйымдастырылған брифингте де сөз болды. Бүгінде елімізде туризм саланың өркендеуіне «Kazakh Tourism» ҰҚ жауапты.

Тимур Дүйсенғалиев – ҚР “Kazakh Tourism” ҰҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Осында өткен жиында ресейліктерге қазақстандық туризмді дамытудың кешенді жоспарын таныстырдық. Жобаға көрген көзді тамсандырар Алматы қаласы да еніп отыр. Үлкен шаһарға саяхаттап келуші ресейліктердің саны артып келеді. Көрмеде еліміздің өзге де өңірлерінің туристік аймақтары туралы мол мағлұмат берілген. Арасында Щучье-Бурабай, Алакөл, Балқаш пен Шығыс Қазақстандағы демалыс орындары бар.

Ресейліктер болса, ғарыштық туризмді дамытуға күш салу керек, – дейді. Себебі бұл бағыт қазір әлем елдерінің қызығушылығын оятуда. Екі ел осы іске жан бітіріп, қолға алған жағдайда Қазақстанға шетелдік туристер ағылуы бек мүмкін. Бірақ, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос мемлекеттің туристік саладағы әлеуетін әлі де арттыру міндеті тұр. Өйткені, екі арада туризмге кедергі болып тұрған мәселелер бар екен.

Олег Сафронов – РФ Мәдениет министрлігінің “Ростуризм” туризм бойынша федаралды агенттігінің басшысы:

– Көршілес мемлекет азаматтарының емін-еркін қатынап тұруында бірқатар қиыншылықтар бар. Қазір мемлекеттік шекара мен кеден бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болған. Біз шекара аймағындағы үрдісті оңтайландырып, ретке келтіруіміз керек. Екі жақтың да жауапты органдары осыған мән берсе екен дейміз. Аталған мәселе шешілсе ғана, мемлекеттердің өңіраралық туризмін дамыту туралы сөз қозғауға болады.

Облыстық әкімдік болса, инфрақұрылым жағын қазірден ойластырып қойған. Өйткені, өңіріміз табиғатының сұлулығы жағынан Қазақстанның өзге аймақтарынан еш кем емес. Есіресе, соңғы жылдары “Имантау-Шалқар” курорттық өлкесіне келетін демалулар үшін бірқатар жұмыстар тындырылып жатыр. Осы күні мұнда 38 туристік база жұмыс істесе, алда тағы 10-ы ашылмақ.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ресеймен байланыстыратын жолдардағы жұмыстар аяқталды. “Шалқар-Имантау” базасына апарар жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шекарадан курорттық жерге дейінгі арақашықтық 30 пайызға қысқарды. Сонымен қатар аэропорт пен теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілді.

Баспасөз конференция соңында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері спикерлерге өздерін толғандырған өзге де сауалдарын жолдап, тұшымды жауап ала алды.

Бахыт Сәдуақасов