МТРА жаңалықтары

ҚР мен РФ іскерлік кеңесі кеңейтілген отырыс өткізді

Салтанатты ашылу рәсімінен соң Қазақстан мен Ресейдің іскерлік кеңесі кеңейтілген отырыс өткізді. Өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер және Ресейдің сауда-өнеркәсіптік палаталарының өкілдері екі ел арасындағы туристік ағымды арттырудағы бизнестің рөлін тілге тиек етті. Қос тарап осы бағыттағы қоян-қолтық жұмысты одан әрі нығайтса, шағын және орта бизнес дамып, мыңдаған жұмыс орындары ашылмақ.

Қазақстан мен Ресейдің іскерлік кеңесі – бұл екіжақты әріптестіктің өрісін кеңейту мәселесі талқыланатын орын. Ол 2006 жылы құрылған. Бүгін кеңес мүшелерінің өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында кездесу мүмкіндігі туды. Бұл жолғы талқыланған тақырып – туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің рөлі.

Владимир Падалко – РФ сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті:

– Қазақстандықтар Ресейге, ал ресейліктер Қазақстанға жиі барады. Бірақ, бұл көбіне іскерлік туризм санатындағы сапарлар. Тығыз мәдени әрі рухани байланыстарымыз да бар. Алайда, көрші жатқан бір-біріміздің елімізде дем алуға әлі күнге дейін үйрене алмай келеміз. Сондықтан, туризм саласындағы әріптестікті нығайта түсу қажет.

Шынымен де, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі. Мәселен, соңғы 8 айда қос ел арасындағы тауар айналымы 20 пайызға өскен. Енді бұл әріптестікті туризм саласында да дамытуға ден қою қажет. Өткен жылы бізге 1 млн 700 мыңдай ресейлік демалушы келген. Туристік ағымды одан әрі арттыру үшін елімізде қандай жұмыстар жасалып жатыр? Бұл жайлы “Қазақ туризм” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев айтып берді.

Рашид Күзембаев – “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

– Наурызда Мәскеудегі халықаралық туристік көрмеге қатыстық. Біз онда ресейліктерді белсенді демалуға арналған Қазақстандағы үздік турбазалар және демалыс орындарымен таныстырдық. Себебі, қазіргі турист 20,10, тіпті 5 жыл бұрынғы туристен қатты ерекшеленеді. Ол өз саяхатынан жаңа әсер алуға тырысады. Ал Қазақстан бұл әсерді беруге дайын.

Бұдан бөлек, бірнеше жыл бұрын Қазақстан шетелдіктерді тартудың жаңа векторын айқындады. Қазір әлемде экологиялық туризмге деген сұраныс артып келеді. Табиғат аясында, киіз үйде, белесенді демалысты жаны сүйетін туристер үшін жаңа базалар елде көптеп ашылуда.

Рашида Шайкенова – “Қазақстан мейманханалары және мейрамханалары қауымдастығы” ЗТБ президенті:

– Шетелдіктердің арасында жүйелі түрде сауалнамалар жүргізіп тұрамыз. Өзге елдерден келетін демалушылар қазақтың ұлттық тағамдары, киімдері және мәдениетімен жақынырақ танысуды қалайды екен. Сондықтан, әр шетелдік турист қарапайым ауыл адамының үйіне қонақ боп келіп, киіз үйде түнеп, көшпенділердің күнделікті тіршілігмен таныса алады. Туризмнің мұндай түрі Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерінде жақсы дамыған.

Шұрайлы табиғат, бай тарих пен мәдениет. Еліміздің туристік әлеуеті жоғары. Бірақ, бізге шетелдік тынығушылар әлі де жаппай ағылып жатқан жоқ. Себебі, шешімін таппаған бірнеше мәселе бар. Бұл проблемалар көбіне қызмет көрсету сапасы мен логистикаға байланысты. Осы салада ісін дөңгелетіп отырған бизнесмендерге отандық кәсіпкерлер палатасы көмек көрсетуге дайын.

Олжас Ордабаев – “Атамекен” ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төарағасының орынбасары:

– Шетелдік демалушылар ағымын жақсартып, инфрақұрылым және қызмет көрсету салаларын дамыту үшін жалпы сомасы 140 млрд теңгеден асатын жол карталары әзірленді. Басым бөлігі қазір жүзеге асып жатыр. Жалпы, бізде жол бойындағы сервис деңгейі өте төмен. Трассалардағы әжетханалар, дәмханалар мен мотельдер талаптарға сай келмейді. Сондықтан, бұл олқылықтарды түзететін жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр.

Шыны керек, Ресейден үйренеріміз әлі көп. Экологиялық туризмнен бөлек көрші мемлекетте өндірістік және балалар туризмі қарқынды дамып келеді. Оған демалушалар тарапынан сұраныс та жоғары көрінеді. Сондықтан, жиында бұл тәжірибені көршілерден қабылдау мүмкіншілігі де талқыланды.

Саят Ермек