Мәдениет

Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің кино күндері басталды

Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында қос елдің киносы күндері де өтіп жатыр. Үш күнге созылатын шарада көрерменге 5 туынды жол тартпақ. Айта кетейік, бұл картиналардың барлығын екі мемлекеттің киностудиялары бірлесе әзірлеген.

Бүгінгі Қазақстан мен Ресей киносы күндерінің шымылдығы «Әміре» филімімен ашылды. Себебі бұл туынды күллі Еуропаны мойындата алды. Қазақ халқы үшін ерекше тарихи мәні бар шығарманы үлкен экранда көруге келген теріскейліктердің қатары қалың. Бұл фильм – өмірбаяндық кинотаспа. Туынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Фильмде 1925 жылы Парижде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен Әміренің жетістіктері көрсетіледі. Сондай-ақ, көрермен дарынды әншінің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен танысуы және туған жеріне оралғандағы бастан кешкен сынақтары сияқты осыған дейін жиі айтылмаған жәйттермен танысты.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамсы басшысының орынбасары:

– Бұл шараның мақсаты жастар арасындда париоттық сезімді ұялату. Себебі бұл кинода қазақ даласы мен киелі домбыраның қалай елге танылғаны жайлы көрсетіледі.

Жалпы Қазақстан мен Ресей киносының күндері екі елдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өтіп жатыр. Бұл шара барысында қала тұрғындары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының Ресей Федерациясының киностудияларымен бірлесіп түсірген туындыларын тамашалай алады. Бүгінгі «Әміре» туындысын көруге келгендердің арасында 71-ші Канн кинофестивалінің үздік актрисасы – Самал Еслямова да бар.

Самал Еслямова – 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы:

– Өз туған жерімде тарихи оқиға орын алып отыр. Өз жерлестеріммен бірге осындай үлкен шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын.

«Әміре» фильмін бір демде көріп шыққан жерлестеріміз туындыға жоғары бағаларын берді.

– Фильм өте керемет. Әсерлі кинотуынды екен.

– Біз жастар көп біле бермейтін жайттарды бұл фильмнен көруге болады.

Айта кеткен жөн, Қазақстан мен Ресейдің кино күндері үш күн қатарынан өткізіледі. Теріскейлік тұрғындар мен қала қонақтары Новый свет және Синема парк кинотеатрларында “Әміре”, “Анаға жол” , “Орламан”, және “28 панфиловшы” туындыларын тегін тамашалай алады.

Дана Ешкенова