Денсаулық сақтау

Миға ашық ота жасалды

Өңірде алғаш рет ашық миға ота жасалды. Облыстық дәрігерлерге көмекке Астанадан нейрохирургтар келіптті. Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен мастер класста арна тілшілері де болып қайтты.

Ота үстелінде 57 жастағы солтүстікқазақстандық жатыр. Оған қазір астаналық жетекші дәрігерлер күрделі ота жасауда. Операция ашық миға жүргізілуде.

Руслан Кремнев – облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Мұндай ота бізде бұрын-соңды жасалмаған. Әрине бұл бағытта көп нәрсені үйренуіміз керек. Қазір астаналық дәрігерлерден көріп, біліп кейін мұндай операцияларды өзіміз де жасайтын боламыз. Сонда науқастар ешқайда бармай, өзімізде ем қабылдай алады.

Науқастың миындағы 6 см-лік ісікті дәрігерлер арнайы тексеріс барысында анықтапты. Содан астаналық мамандар келетіндігін естіп, жерлесімізді арнайы шақыртқан. Ақ халатты абзал жандар ота 8 сағаттан астам уақытқа жалғасады дейді. Сондықтан хирургтардың 4 бірдей бригадасы алмаспақ.

Азат Шпеков – ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасының нейрохирург дәрігері:

– Ота жасайтын бөлмені көрдік. Ондағы құрал-жабдықтар Астананың кей ауруханаларында жоқ. Мұнда көптеген оталарды жасауға мүмкіндік бар.

Жалпы бұл күні астаналық дәрігерлер тағы кардиологиялық орталықта 3 ота жасаған.

Магжан Ахмадина