Туризм

Делегациялар форумға қатысушыларға туристік әлеуетін таныстырды

Логистика мен жарнама. Аталған екі фактор туризмді дамытуда ерекше рөл атқаратыны белгілі. Форумға қатысушы делегациялар меймандарға көрме ұйымдастырып қана қоймай, өңірлердің презентациясын да әзірлепті.

Тамыры тереңде жатқан Отырар қаласы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, тағы екі ұлттық парк пен сонша қорығы бар Түркістан облысының туристік әлеуеті зор. Сондықтан болар еліміздің тарихын зерттеймін дегендер мұнда көптеп келеді. Бұл өлкенің денсаулығын оңалтамын дегендерге де ұсынары мол. Мәселен, мұндағы Сары-Ағаш курорты еліміздегі жоғары сұранысқа ие шипажайлардың бірі. Сандарды сөйлетсек – 2017 жылымен салыстырғанда биыл аталған өңірге келген туристердің саны 20 пайызға артқан.

Олжас Шынтаев – Түркістан облыстық ішкі байланыс пен туризм басқармасының басшысы:

– Өткен жылы 270 мың турист келген. Биыл бұл көрсеткіш 20 пайызға артады деп күтілуде. Біздің облыста ақпараттық орталық орналасқан. Мұнда жүгінген туристердің 300-дейі ТМД елдерінің тұрғындары.

Ал Краснодар өлкесінде демалысын өткізгендердің саны бір жылдың ішінде 15 млнға жеткен. Тек олардың арасында шетелдіктердің қатары аз, бір млн турист ғана. Сондықтан мұндағылар бұл көрсеткіштерді арттыра түспек. Сондықтан алдағы 5 жылдың ішінде туризм саласын дамытуға 200 млрд рубль инвестиция құймақшы.

Христофор Константиниди, Краснодар өлкесінің олимпиадалық жәдігер, туризм мен курорттар министрі, РФ: 

– Ауқымды шараның басты тақырыбы – қос мемлекеттегі туризмді дамытуға бағытталғаны көңіл қуантады. Қазақстан бізге жаңа қырынан танылғаны сөзсіз. Курорттық зоналар мен шипажай өкілдерімен әңгімелестік. Бізді Байқоңырдағы зымыранды ұшыруды тамашалау ұсынысы қатты қызықтырды.

Қызылордалықтар осылайша, өздерінің басты мақтанышы – Байқоңыр айлағын дамытпақ. Өйткені, зымыранның ғарышқа ұшу сәтін көру үшін мұнда көптеген тұрғындар келеді екен. Өткен жолғы маңызды шараны тамашалауға 850 адам жиылса, енді олардың санын 30-40 пайызға арттыру көзделіпті. 3 күнге арналған тур 150 мың теңге тұрады. Жалпы бүгін, көрмеге қатысушы тараптар өз өңірлерін жарнамалап қана қоймай, байланыс орнату үшін нақты ұсыныстарын да ала келіпті.

Сергей Иванов, Татарстан Республикасының туризм бойынша комитетінің мемлекеттік төрағасы:

– Туризмді дамыту үшін сөзсіз ең алдымен логистика қажет. Оны жақсартқан жөн. Әсіресе, шекарадан өту үрдісін жеңілдеткенін қалаймыз. Екіншіден, жарнаманың маңызы зор. Бізде бір-біріміздің курорттық аймақтарымыз туралы ақпарат жоқ. Жалпы, Қазақстан жайлы білсек те, мұнда не барынан хабардар емеспіз. Сондықтан, аталған бағыттарда жүйелі жұмыс жасауымыз керек.

Жыл сайын Татар Республикасына 15 мың қазақстандық қатынаса, елімізге де сонша Татарстан туристер келеді екен.

Эльмира Сәдуақасова