Мәдениет

Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық форумы аясында гала-концерт өтті

Түмен, Қорған, Омбы және солтүстікқазақстан өлкелерінің әртістері бір сахнада тоғысты. Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумына орай қос мемлекеттің өнерлі жандары «Достық көпірі» атты гала концерт ұйымдастырды. Шара барысында 200-ге жуық өнерпаз теріскейлік көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

«Достық көпірі» атты гала концерттің шымылдығын облыстық филармонияның қазақ және орыс халық аспаптары оркестрлерi бірігіп, «Шаттық Отан» туындысымен ашты. Қос ұжымға Қайырлы Ғафуров дирижерлік етуде. Екі ұлттық оркестрді біріктірудегі мақсат – қос мемлекеттің арасындағы достықты пен татулықты, әріптестікті көрсету болып табылады.

Қайырлы Ғафуров – Сегiз серi атындағы қазақ халық аспаптары оркестрiнiң жетекшiсi:

– Осындай үлкен шараға екі елдің өнерпаздары да атсалысып жатқаны қуантады. Біз екі оркестр қосылып тың туындыларды дайындадық.

Келесі кезекте, теріскейлік көрерменнің алдында Омбы қаласынан келген өнер ұжым жарқ етіп, ән-жырдан шашу шашты. Көршілес мемлекеттің хоры “Сибирь-матушка”, “О степи широкой” атты туындыларды дайындап әкелген.

Кейін Омбы мемлекеттік хорының әртістері оркестр және балет бишілерімен бірігіп, ән айтып, мың бұралып би де биледі. Өнер сүйер қауым болса, көрші елден келген өнерпаздардың сыйлықтарына дән риза. Тіпті меймандардың түрлі костюмдері де көздің жауын алады.

Пётр Панин – Омбы қаласының орыс халық хорының бишісі:

–  Екі мемлекет арасындағы өтетін Форумға орай осындай гала концертке қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Петропавл көремендерінің алдында бар өнерімізді салдық. Бүгінгі концертке 30 минуттан тұратын бағдарлама әкелдік. Би билеп, ән айтамыз.

Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен тату көршілестік бір ғана шарамен шектелмейді. Бұл талайдан келе жатқан үздіксіз байланыс. Бүгінгі ауқымды галаконцертте қос мемлекеттің әртістері құлақтың құрышын қандырар 30-ға жуық әнді шырқап, билеп берді.

Александр Зобов – Омбы қаласының орыс халық хорының көркемдік жетекшісі, РФ еңбек сіңірген әртісі:

– Бүгінгі концертке үлкен бағдарламамен келдік. Біз көршілес қалалармыз. Мен Сіздерді жерлестер деп атаймын. Себебі Омбы мен Петропавлдың арасындағы байланыс ешқашан үзілмейді. Мәселен менің досым, әріптесім Сергей Снурницын Петропавлдың тұрғыны болғанымен, Омбы хорына жазған композициялары жетерлік. Бір сөзбен айтқанда екі мемлекет арасындағы достықтың орны бөлек.

Сергей Снурницын – поэт, композитор, Петропавл қаласы:

– 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында осындай шараға қатысып, біздерді қолдап келген Омбылық әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Екі елдің өнерпаздарына шығармашылық жетістіктер тілеймін.

Жалпы, гала концертке 200-ге жуық өнерпаз қатысты. Олардың тең жартысы Ресей елінің әртістері.

Дана  Ешкенова