Мәдениет

Жергiлiктi жас ақындар Көкшетау қаласында өткен айтыстан жүлделi оралды

Ұшқыр ойлы, өткір тілді жастардың жарысы. Көкшетау қаласында «Есіл-Көкше ән мен жырдың мекені» атты жас ақындардың өңіраралық айтысы өтті. Жарысқа Петропавлдан 5 сөз шебері қатысып, үшеуі жүлделі орындардан көрінген екен.

Ермек Жумин бала кезінен өлеңді мәнерлеп оқығанды жақсы көреді екен. Сондықтан болар үнемі айтыс пен түрлі мүшәйраларға қатысып тұрады. Сондай шараның бірі кеше ғана Көкшетауда өткен. «Есіл-Көкше ән мен жырдың мекені» атты өңірлік жас ақындардың сайысында өз өнерін ортаға салған жасөспірім суырып салма ақындардың арасында 3-ші жүлделі орынды еншіледі.

Ермек Жумин – Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының тәлімгері:

– Бала кезімнен өлеңдер шығарамын. Оған қоса М.Мұқағалидің өлеңдерін жақсы көремін.

Ал, Дәулет Құрмашты теріскей халқы жақсы таниды. Тілі өткір бұл жас айтқанда сөздің түбін түсіреді. Қарсыластарын тығыраққа тіреп, үнсіз қалдыратын айтыскер Көкшетауда да 1 орынды қанжығасына байлаған.

Дәулет Құрмаш – Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының тәлімгері:

– Бірінші кездесуде көкшетаулық қызбен кездестім. Әдемі қыз бен жігіттің айтысы өтті.

Көкшетау қаласында ұйымдастырылған өңірлік жас ақындардың сайысына барлығы 14 суырып-салма сөз зергері қатысқан. Өңірдің атынан шараға 5 оқушы аттаныпты. Олардың үшеуі айтыскер ақын болса, екеуі жазба ақын.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының жетекшісі:

– Жарыс жақсы деңгейде өтті. Балалардың барлығы жақсы дайындалған.

Айта кеткен жөн, қарашаның 29-ында дәл осы Көкшетау қаласында республикалық ақындар айтысы өтпекші. Ол жерде өңір намысын Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының екі тәлімгері қорғайды.

Дана  Ешкенова