ТЖ

Жедел әрекет ету қызметтері маңызды шараға дайын

Қарашаның 8-9-ы күндеріне жоспарланған өңіраралық ынтымақтастық форумы кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – облыстағы барлық жедел әрекет ету қызметтері әзір отыр. Маңызды кездесу өтетін күндері әсіресе тәртіп сақшылары, жедел жәрдем қызметі мен құтқарушыларға артылатын жүк салмақты болмақ.

Мәселен, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері мен жедел-жәрдем бригадасының қызметкерлері шара алдында біліктілікті арттыру курсынан өтіп, шеберліктерін шыңдаған. Оған қоса, жақында орталық су жаңа 5 жедел-жәрдем көлігі, 2 УАЗ және тағы сонша реанимобильмен толығыпты. Сондай-ақ, жиын кезінде жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шаһардың 20 нысанында кезекшілік құрып, жұртшылықтың амандығын қамтамасыз ететін болады. Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін 29 бірлік техника мен жеке құрамнан 216 өрт сөндіруші маман жұмылдырылмақ. Тіпті көмекке көршілес Ақмола облысының құтқарушылары да келген екен.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Департамент мамандары жиын болатын негізгі нысандар мен шараға қатысы бар 20 ғимаратты тексеріп шықты. Рейд барысында нысандардың әкімшіліктеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша нұсқамалар берілді, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, біздің қызметкерлер “Жас Өркен” ауданындағы жеке тұрғын үй секторын да аралады. Ондағы баспана тұрғындарына жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Байболат  Култанов