Қоғам

Тарихи ескерткіш қайта халық игілігіне тапсырылды

Тың және тыңайған жерлерді игерудің 20 жылдығына орай 1974 жылы ескерткіш ретінде орнатылған трактор халық игіліне қайта тапсырылмақ. Еске сала кетейік, техника былтыр жаз мезгілінде жөндеуге жіберілген болатын. Қалыпқа келтірілген тарихи жәдігер Астана-Петропавл тас жолының бойынан орын теуіпті.

Бұл кадрлар өткен жылдың тамыз айында жасалған. Сол уақытта теріскейліктерді тың игеруге қатысқандардың құрметіне орнатылған трактордың тағдыры алаңдатқан болатын. Қалалық және Қызылжар аудандық әкімдігінің мамандары тарихи жәдігерді жөндеуге әкетті деп сендірген еді. Солай болды да.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Міне, 1 жылдан астам уақыт өткен соң ескерткіш ретінде орнатылған трактор халық игіліне қайта тапсырылмақ. Бүгінде ол Астана-Петропавл тас жолының бойында орын тепті. Облыс орталығынан 30 шақырым жерде орналасуы да тектен-тек емес. Себебі, дәл осы маңдағы Трудовое мен Чапаево ауылдарында тың игеру жылдарына жұмылдырылған халық тұрады екен.

Жалпы ескерткіш тың игерудің 20 жылдық мерейтойына орай орнатылған екен. Атап өту қажет, трактор шынымен де маңызды науқанға жұмылдырылып, теріскей алқаптарында жүйткіп жүрген. Сондықтан, да оның солтүстікқазақстандықтар үшін маңызы зор.

Гүлия Салтықова – Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Қайта қалыпқа келтіру барысында біз тракторға оның бұрыңғы кейпін бермек болдық. Сондықтан, жаңа түске боядық. Алайда, әлі де бірталай шаруа атқару қажет. Атап айтқанда алдағы уақытта ескерткіштің тұғыры орнатылып, тақтайша жасалады.

Жалпы, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары егістік алқаптарындағы жұмыстарға мыңдаған адам жұмылдырылды. Нәтижесінде науқан барысында 1 млн 43 мың га жер өңделген екен.

Эльмира Сәдуақасова