Денсаулық сақтау

Соңғы екі күнде 3-ші қалалық ауруханаға 100-ден аса жерлесіміз жүгінген

Көктайғақтың салдары! Соңғы екі күннің ішінде 3-ші қалалық ауруханадағы жарақат бөліміне 100-ден аса жерлесіміз жүгінсе керек. Олардың жартысынан көбі мұз басқан көшелерде тайып жығылып, қол-аяқтарын сындырыпты. Сүйегі шытынап не буыны шыққан теріскейліктердің кейбіріне дәрігерлер тіпті ота жасауға мәжбүр.

Ольга Васильева алғашқы көктайғақтарда құлап, бұғанасын зақымдап алған. Сүйегі сыздаса да, жазылып кетер деп, жарақатына мән бермей жүре берсе керек. Нәзікжанды ауруға шыдау мүмкін болмағанда ғана ауылдағы медпунктке жүгінген. Мұндағылар иығына гипс салып, Петропавлға жіберіпті. Мұндағы рентгенограмма буынның шығып кеткендігін көрсетті. Енді Ольганы ота және екі айлық оңалу күтіп тұр.

Ольга Васильева, Неженка ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл күні биік өкшелі етік киіп шықпаған едім. Мүмкін әдеткі аяқ киімімді кигенде құламас па едім. Өмір бойы өкшесі бар етікпен жүріп, бір де бір рет жығылып көрген емеспін.

Бірақ, биік өкшенің де көктайғақтан құтқармайтынын қаперде ұстау керек. Себебі, көшелерді мұз жапқан күндері ақ халаттыларға тобығы сынған азаматтар жиі жүгінеді екен. Мұны 3 қалалық ауруханадағы травмпункт меңгерушісі Валерий Грибашов айтып отыр.

Валерий Грибашов, 3-ші қалалық ауруханадағы травмпункт меңгшерушісі:

– Адамдар құлағанда бірден қолымен сүйенуге тырысады. Бұл-инстинкт. Осылайша, жығылғанда аяқтарынан бөлек, иығы не шынтақтарын сындырып жатады. Әсіресе егде жастағылардың бұл жарақаттарды алу қауіпі жоғары. Себебі, қарт адамдарда сүйек тінінің остеопорозы жүреді.

Тағы, Валерий Грибашовтың сөзінше биыл мұндай “маусымдық” жарақаттармен травматологтың алдына келген жерлестеріміздің саны күрт артқан. Мәселен, қарашаның 5-і мен 6-сы аралығында ғана мұнда мұз басқан көшеде зақым алған 56 адам жүгініпті. Сондықтан дәрігерлер барынша абай болуды ескертеді.

–  Таңертең арнайы көліктің жолға құм шашып жатқанын байқадым. Тіпті, Жұмысшы кентіндегі жолдарда да құм жатыр. Бұл өте жақсы.

– Ауа-райы жақсы, ал көктайғаққа әбден үйреніп алдым. Бұл біздің климат қой, сондықтан абай болу қажет. Сақтансаң сақтаймын деп бекер айтылмаған.

Шынымен де, бүгін еріп, ертең қататын күн райының қыңырлығына теріскейліктердің еті әбден үйренген. Бұған қарамастан, зардап шегушілердің саны азаяр емес. Алда әлі солтүстіктің сарышұнақ аяздары бар. Сонда көлікпен қатынау да, жаяу жүру де қиындай түсетіні анық.

Саят Ермек