Қоғам

Петропавлдық баспана иелері «petropavi.openciti.kz» сайтына тіркеліп жатыр

Бүгінде облыс орталығында 1200-ден аса көпқабатты баспана бар. Соның 58-і «petropavl.opencity.kz» сайтына кіргізіліпті. Осылайша, аталған тұрғын үйлердің иелері сайттың көмегімен өз баспаналарындағы кемшіліктерді жойып, үйге қатысты соңғы жаңалықтардан хабардар болады.

“Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” серіктестігінің қарамағында шаһардағы 51 көпқабатты баспана бар. Яғни, бұл үйлердің қалыпты жұмысына осы кәсіпорынның мамандары жауапты. Жақында кәсіпкерлік «petropavi.openciti.kz» біріңғай ақпараттық порталына тіркеліпті. Енді мұндағы пәтер иелері өздері тұрып жатқан баспанада орын алған олқылықтарды фотоға түсіріп, сайтқа жүктей алады. Өз кезегінде тұрғын үйге қызмет көрсетуші серіктестік жұмысшылары кем-кетікті 1 тәуліктің ішінде ретке келтіреді.

Нұрсұлтан Қалиев – “Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” ЖШС жаңғырту жұмыстары бойынша маманы:

– Порталға біздің серіктестік қызмет көрсететін 3,5 мыңдай петропавлдық тіркелген. Мұндағы тұрғындар подъездегі жарық өшіп қалса, аулада қоқыс шашылып жатса да, бізге хабар бере алады. Біз шағымдарға жылдам әрекет етіп, кеткен кемшіліктерді бірден жоямыз. Тұтынушыларымыз жобаның тиімділігін сезініп жатыр. Бұл баршамыз үшін ыңғайлы бағдарлама.

«Рetropavi.openciti.kz» біріңғай ақпараттық порталы ПИК төрағаларының, баспана иелері мен оларға қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Оның көмегімен жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы күрмеуі тарқамаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды біржақты етпек.

Мадияр Жангудин – Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы:

– Мысалы ПИК төрағасы қарамағына алған баспананың тұрғындарына арналған хабарландыруды сайтта жариялай алады. Бұрындары ол ақпаратты тұрғын үйдің кіре берісіндегі тақтайшаға, немесе есікке ілетін. Маңызды хабарландыруды бірі көрсе, өзгелері аңғармайтын еді. Ал портал тұрғындарға соңғы жаңалықтарды қосымша хабарлап отырады.

Айта кетейік, қазіргі таңда сайтта 4 мыңдай петропавлдық тіркелген. Олар тұрғын үй саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, күнделікті туындап жататын мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік алды.

Бахыт Садвокасов