Балалар

Петропавлға Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театры келді

Үйінен айырылып қалған қоян, жолдасының баспанасын тартып алған қу түлкі мен әділ әрі батыл қораз. Теріскейлік бүлдіршіндерге қарашаның 7-і мен 9-ы аралығында «Арлекин» Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театрының ұжымы «Қоян, түлкі мен әтеш» спетаклін ұсынады. Бүгін ертегіні актерлер “Айгөлек” балабақшасының тәрбиеленушілері үшін сахналады.

«Қоян, түлкі мен әтеш» ертегісін білмейтіндер кемде-кем. Мұндағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен мінезі әр заманның балаларына жақсы таныс. Бүгін олар «Айгөлек» балабақшасының тәрбиеленушілеріне қонаққа келген. Рөлдерді сомдаушылар – Омбылық «Арлекин» мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театрының актерлері.

«Арлекин» театрының актері Дмитрий Исаев балалардың көңілін аулауды жақсы біледі. Өйткені өзі де кішкентайынан театрдың қыр-сырын жақсы біледі. Оның әке-шешесі де, ата-әжесі де актер болыпты. Есесіне, болашақ мамандықты таңдауда еш күмән туындамаған. Бойындағы талантының арқасында осымен 10 жыл бойы ол бүлдіршіндерге түрлі образдарда қуаныш сыйлауда.

Дмитрий Исаев – «Арлекин» Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театрының актері:

– Қойылым барысында кейіпкерім – Клоун дядя Кузя мен Муся деген қыз екеуі балаларға ертегі айтады. Жай ғана баяндап қоймай, бүлдіршіндермен де сұхбат жүргізеді. Жалпы, 10 жыл ішінде балғындардың қылықтары мен іс-әрекеттерін жаттап алдым десем де болады. Сонда да мен үшін бүгін эксперимент болмақ. Себебі, басқа қала, басқа балалардың алдында өнер көрсетіп жатырмын. Олардың спектакльден жақсы әсер алғандарын қалаймын.

Спектакль балалардың сүйікті ертегісіне негізделген. Алайда, ол – тек сценарий бойынша ғана сахналанбайды. Актерлердің сөзінше, қойылым импровизацияға толы. Сондықтан, бүлдіршіндерге де қызық, әртістер де өз кейіпкерлерін жаңа қырынан танитындай. Дегенмен, қоян, түлкі мен әтеш сол баяғыдай. Біреуі – үйінен айырылып қалған момын, екіншісі – жолдасының баспанасын тартып алған қу болса, қораз сол баяғыдай – әділ әрі батыл.

Бұл – Омбылық театрдың теріскейге соңғы гастрольдік сапары емес.

Ксения Арсентьева – «Арлекин» Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театрының актрисасы:

– Біз Солтүстік Қазақстанға екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының аясында келіп отырмыз. Мұнда 3 күн бойы балабақшаларда «Қоян, түлкі мен әтеш» ертегісін сахналамақпыз. Бізге жуырда қонаққа жергілікті облыстық қуыршақ театры да келген болатын. Кішкентай көрермендерімізге «Сказки на лавочке» қойылымын ұсынды. Біз әрдайым әріптестік қатынастамыз.

«Қоян, түлкі мен әтеш» спектаклі жергілікті қуыршақ театрының сахнасында да қойылмақ.

Эльмира Сәдуақасова