Құқық қорғау органдары

Бір апта ішінде интернет-алаяқтар 6 петропавлдықты алдаған

Облыста тұрғындарды алдап-сулап, ақшасын жымқыратын интернет-алаяқтар азаяр емес. Соңғы бір аптаның ішінде ғана қаскөйлердің қақпанына 6 петропавлдық түсіп үлгеріпті.

Азаматтардың сеніміне кіру үшін интернет-алаяқтардың түрлі тәсілдерді пайдаланатыны құпия емес. Кейінгі уақытта олар өздерін банк қызметкері, жалға беруші пәтер иесі немесе жұмыс берушімін деп таныстыруды шығарған. Осылайша аңқау тұрғындардың банк карточкаларының нөмірі, SMS кодтар мен онлайн-банкингтегі құпия сөздер сынды жеке деректерді жымқырады. Соңғы аптада арамзалар осы әдістердің көмегімен 6 бірдей қала тұрғынын тонап кетіпті.

Данияр Ғалиақпаров – Петропавл қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Осындай алаяқтыққа түспеу үшін азаматтар әлеуметтік желілерде күмәнді мәміле жасаудан бас тартыңыз. Тауарды сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеу керек. Белгісіз адамдарға ақша аударымдарын жасамаңыздар. Бөгде адамдарға банк қартасының нөмірін, пин кодын, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен СМС кодтарды хабарламауларыңызды сұраймын.

Банктердегі қауіпсіздік қызметінің мамандары да полицейлердің бұл сөзіне қосылады. Бірнеше қарапайым ережелерді сақтау арқылы, әр адам өзін ғаламтор қылмыскерлерінің құрбаны болудан сақтай алады.

Алексей Логачев – Петропавл қ. Сбербанк филиалының ақпараттық қауіпсіздіктің жетекші инженері:

– Телефон, планшет не компьютерді қолданған кезде келесі ережелерді ұстаныңыз: ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне де логин мен құпия сөзді, пин-кодтарды, банк карточкаларының кодтарын хабарламаңыз. Егер сізден операциядан бас тарту үшін онлайн-банкингтің құпия сөзін енгізуді сұраса, онда бұл әрекетке бармаңыз. App Store немесе Google Play дүкендерінен тек ресми банк қосымшаларын ғана жүктеңіз. Таныс емес ресурстардың сілтемесін баспаңыз.

Осы тектес заңбұзушылықтардың алдын-алып, петропавлдықтар мен қала қонақтарының қаражатын сақтау үшін қазір жедел уәкілдер халық көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерде профилактикалық парақшалар жапсыруда.

Эльмира Сәдуақасова