Білім

Алғыр оқушының оқудағы жетістігі

“Естімеген елде көп”. Петропавлдың 1-ші сынып оқушысы бір оқу жылында 2 сыныптың бағдарламасын меңгеріп шыққан. Жеткіншек таңертеңгісін бірінші сыныптың пәндерін оқыса, түстен кейін 2-ші сыныптың сабақтарын меңгерген. Бұл жағдайдан мектеп басшылығы хабардар болыпты.

Сөйтіп, өткен оқу жылының соңында оқушы қос сынып пәндерін ойдағыдай меңгеріп шығыпты. Сондықтан, осы күзде ата-анасы баласын 3-ші сыныпқа көшіруді талап еткен екен. Алайда, заң бойынша бұл мүмкін емес. Мұндай жеңілдік тек 5 сыныптан бастап қана беріледі. Қазіргі уақытта облыстық білім басқармасындағылар осы жағдайға қатысты арнайы комиссия құрған. Ол бойынша ішкі тексеріс жүргізіліп, оқушыны келесі сыныпқа көшіру мүмкіндігі қайта қаралмақ.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Оқушының білімін білікті ұстаздар мен тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Комиссия мүшелері оның мектеп бағдарламасын толық игергендігіне көз жеткізген жағдайда, балақай 3-ші сыныпқа көшірілуі мүмкін.

Бахыт Садвокасов