Бизнес және экономика

Төл валютаның 25 жылдығына мерейтойлық 3 шақа шығарылды

Биыл төл валютамыз – теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай еліміздің ұлттық банкі қазақстандықтарға 3 жаңа монетаны ұсынуда. Олар номиналы 500, 5 мың теңгелік шақалар мен мельхиор қоспасынан құйылған 100 теңгелік тиын.

Жыл сайын Қазақстанның монеталық сарайы еліміздегі атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелер қарсаңында коллекциялық тиындарды айналымға шығарады. Мәселен, қарашаның 15-і – төл валютамыз, теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толуына орай еліміздің ұлттық банкі отандастарымызға 3 бірдей мерейтойлық монета ұсынып отыр. Алғашқысы – номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған шақа.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Бұл монетаның бет жағында еліміздің елтаңбасы, ақшаның номиналы мен ұлттық ою-өрнек бейнеленген. Тиынның сыртқы бөлігінде ұлттық банктің логотипі, төл теңгенің енгізілген және соғылған жылы көрсетіледі. Бұл шақаны жерлестеріміз қаржы саласына еңбек етітетін адамдарға сыйға тарта алады. Монетаның жалпы салмағы 12 грамды құрайды.

Диаметрі 31 мм-лік мерейтойлық монетаның 30 мың данасы дайындалыпты. Құны 1 мың теңге. Оны кәдесый ретінде сатып алуға ынталы теріскейліктер, қаржы институтының жергілікті филилалына жүгіне алады. Ал күмістен құйылған 5 мың және 500 теңгелік тиындарды солтүстікқазақстандықтар 1 күннің ішінде-ақ сатып алыпты. Қос монетаның сыртқы бетіндегі бейнелері бірдей етіп соғылған.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Аталған 2 шақа алтындау және түрлі түсті басу технологиясын қолданып,
күмістен дайындалды. Тиынның сыртында сынамасы, салмағы көрсетілген жазбалар бар. Мәселен, 500 теңгелік күмістің бағасы 19 мың теңге. 925-ші сынамасы бар монетаның салмағы 62,2 граммды құрайды. Таралымы – еліміз бойынша небары 200 дана.

Ал 5 мың теңгелік күміс шақа болса, жергілікті филиалға саусақпен санарлық мөлшерде ғана жеткізілсе керек. Нумизмат жерлестеріміз оларды бағасына қарамастан талап алыпты.

Бахыт Садвокасов