Денсаулық сақтау

Облыстық кардиологиялық орталықта жаңа әдіспен ота жасалды

Облыстық кардиологиялық орталықта бүйрек артерияларының ұшын күйдіру әдісі арқылы ота жасалды. Бұл жолы жергілікті ақ халаттыларға астаналық маман шеберлік сағатын өткізді. Операция кезінде елордалық дәрігер аталмыш отаның жаңа әдістерімен бөлісті.

Мына операция бөлмесінде 70 жастағы жерлесіміздің бүйрегіне ота жасалып жатыр. Науқастың қан қысымы жоғары. Бұған дейін сырқат жанның сауығып кетуіне дәрі-дәрмектер көмектеспеген екен. Сондықтан, оның қан қысымын тұрақтандыру үшін бүйрек артерияларының ұшын күйдіру әдісі арқылы ота жасалуда. Ал операцияны астаналық ақ халатты орындауда. Елордадан келген Сергей Мусаев осындай оталарды 5 жыл жасап келеді. Дәрігердің айтуынша артериялық гипертония көбінде 50 жастан кейін басталады. Сол себепті, бұл операция аталмыш дертке шалдыққандарға қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді.

Сергей Мусаев – ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы рентгенхирургия бөлімінің меңгерушісі:

– Мен теріскейлік дәрігерлермен тәжірбие алмасу мақсатында Астанадан арнайы келдім. Бұл жерде 2 күн боламын. Басты мақсатым – қан қысымы жоғары науқастарға көмек көрсету. Ең бастысы артериялдық гипертониямен ауыратын жандарға айтарым, көп созбай емделу керек. Себебі, бұның соңы инсульт немесе миокард инфарктісіне әкеліп соқтырады.

Жалпы, бұл ота 30 минут немесе 1 сағатқа созылады. Мамандардың айтуынша мұндай операция науқастарға тегін жасалады екен. Біздің қаламызда осындай ота облыстық кардиологиялық орталықта өткізіледі. Оған қоса керекті барлық құрал-жабдықтар да бар.

Мақсат Құдратуллаев – облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

– Біздің орталық осындай оталар бұрыннан жасалып келеді. Бірақ, қазір әлем бойынша аталмыш операцияның жаңа әдісі шаққан. Сол себепті, астаналық әріптестеріміз жаңа әдіспен біздермен бөлісуде.

Айта кету керек, облыстық кардиологиялық орталықта жылына шамамен осындай 20-ға жуық операция жасалады. Жалпы, біздің облысымызда артериялық гипертония дертімен 150 мың адам ауырады екен.

Дана  Ешкенова