Білім

Үндістандық жастар теріскейде білім алуда

Жергілікті жоғарғы оқу орнындағы шетелдік студенттердің саны артты. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Үндістаннан білім алушылардың алғашқы легін қабылдады. Жастар биылғы жылы таспасы қиылған жоғарғы медицина мектебінде оқитын болады.

Бұл – болашақ ақ халатты абзал жандардың сабағы. Әзірге олар ота жасап, диагноз қоюды емес, жалпы білім беретін пәндерді меңгеруде. Дегенмен, көп ұзамай жастар қолдарына анатомия, физиология, жасушалық биология сынды медицина саласының кітаптарын алмақ. Бүгін студенттердің М.Қозыбаев атындағы СҚМ университетіндегі тек екінші оқу күні. Алайда, теріскейден алған әсерлері мол екен. Олар алғаш рет ақ ұлпа қарды көріп, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығына таң қалуда. Мераз Кхан отбасындағы жалғыз бала. 18 жыл бойы ата-анасының қамқорлығында болған ол, бірінші рет шетелге шығыпты. Алайда, оның бұл сапары бір-екі апта емес, бақандай 5 жылға созылмақ.

Мераз Кхан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің студенті:

– Менің әкем дәрігер болуды армандаған. Алайда, бірқатар жағдайлар бұл мақсатына жетуге кедергі келтірді. Сондықтан, ол менің медицина саласына барғанымды қалады. Сол себепті де, Қазақстанға оқуға барамын дегенде қарсылық білдірген жоқ. Мен – гинеколог болғым келеді. Бакалавриатты тәмамдаған соң, басқа мемлекетте оқуымды жалғастырмақ ниеттемін. Бұл тәжірибе жинап, біліктілігімді арттыруға сеп болады. Одан соң, Үндістанға оралып, еліме қызмет етемін.

Студенттердің барлығы жатақханамен қамтылған. Олардың келгендеріне көп уақыт болмаса да, жайғасып үлгеріпті. Қоршаған орта, климат пен тұрғындарға да үйреніскен. Алғашқы уақытта туған жерлері мен жанұясын сағынғандар, қазір ата-аналарына хабарласып, қуаныштарымен бөлісуде.

Аамир Кханды да Қазақстанның теріскейіне балалық арманы жетелеп келіпті. Кішкентайынан ақ халаттыларға бейжай қарай алмаған ол, достарынан жоғары медициналық мектеп туралы естіп, ойланбастан осында келуге шешім қабылдаған. Енді, міне, болашақ хирург өмірінің мәніне айналған мақсатына бір адым жақын. Сондықтан, дәрістерден оралған соң-ақ, уақытты босқа өткізбей, қайта кітапқа үңілетін көрінеді.

Аамир Кхан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің студенті:

– Менің достарым Қазақстанның Семей, Астана қалаларында 2 жылдай білім алуда. Жергілікті университеттер жайлы осы жолдастарымнан сұрап-білдім. Мұнда оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Отбасым барынша қолдау көрсетті. Оның үстіне ағам дәрігер. Оның жолын қуып, медицина маманы атанамын деген ойдамын.

Оқуға құштар жандардың барлығы өңірімізге Үндістаннан келген. Себебі, ондағы жоғары білім алу Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 5-10 есе қымбат екен. Қазір кәсіби пәндерді ағылшын тілінде беретін штат құрылуда. Оған қоса, жоғарғы медицина мектебі сабаққа қажет заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.

Әсет Изденов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің директоры:

– Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін арнайы техникалық сертификатқа қол жеткіздік. Физиологиялық, анатомиялық лабораториялар соңғы технологиялармен қамтылады. Мұнда студенттер сабақтан тыс уақытта да келе алады. Келесі жылдың басында-ақ, оның барлығын сатып алмақ жоспарымыз бар. Бұл мақсатқа 100 млн теңге шамасында қаржы қарастырылған.

Бұл Үндістаннан келген студенттердің соңғы легі емес. Алдағы уақытта теріскейдегі тіршілікке бейімделген жастар тағы 100 қандасын қарсы алмақ.

Эльмира Садвокасова