Энергетика

Монополист компаниялар қоғамдық тыңдау өткізді

Жаңа жылдан бастап монополист компаниялардың жұмысы барынша ашық бола түспек. Өйткені, бүгіндері табиғи монополиялар туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Ол туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен қоғамдық тыңдау барысында айтылды.

Көптің қолы жетпей жүрген монополист компаниялардың басшылары бүгін бір адамдай дөңгелек үстел басына жиылған. Олар кезек-кезек соңғы 3 жыл ішінде кәсіпорындарында атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Дегенмен кейбірінің жиынға дайындықсыз келгені көрініп тұрды. Сондайлардың бірі – басы даудан арылмайтын «Петропавл жылу желілері» серіктестігінің бас директоры Игорь Рыбас. Қағаздан бас алмай млрд пен млндарын судырлатқан ол жиылғандардың сынына ілікті.

Амангелді Кенжеғозинов – СҚО ардагерлер кеңесі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, еңбек ардагері:

–  Біздің қолымызға тіпті анықтама берген жоқсыз. Құр сандарды қағаздан оқып жатсыз. Баяндамаларыңыз түсініксіз. Қағаздан басыңызды алмай оқып жатырсыз. Жиынға дайындықсыз келгеніңіз көрініп тұр.

Бес монополист компанияның басшылары жағдайды баяндап болған соң, оларға сауалдар қарша борады. Елбасы өзінің биылғы жолдауында тарифтер саласында тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Осыны желеу еткен еңбек ардагері – Амангелді Кенжеғозинов энергия бағасын төмендету бағытында қандай шаралар жасалып жатқандығын сұрастырды.

Виктор Бармин – Петропавл 2-ші ЖЭО директоры:

– Біз соңғы 3 жылда электр энергиясының бағасын көтерген емеспіз. Ал Елбасы тапсырмасына сай алдағы уақытта қандай жұмыс жоспары құрылатындығын бүгіндері министрлік шешіп жатыр. 1 қаңтардан бастап шешім шықса, оны міндетті түрде тұтынушылрға жеткізетін боламыз.

Алдағы уақытта табиғи монополиялар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу көзделген. Онда тариф бекіту үрдісі біршама ашық болады.

Елена Ганзёра – Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Құжатта инвестициялық бағдарламалардың техникалық сараптамаларын қайтару да қарастырылған. Тағы монополист компанияларды атқарған жұмысы жайлы жылына екі рет есеп беруге міндеттеу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындардың жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, тұрғындарға кедергісіз ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 1-ші қаңтардан бастап, субъектілер өз өтініштерін қағаз жүзінде емес, электронды түрде беруге міндеттеледі. Оны тұтынушылар да көріп, жобалармен таныса алады.

Тағы заңнамада монополист компаниялардың инвестициялық бағдарламасына қоғамдық бақылау жүргізу керектігі сөз болған.

Магжан Ахмадина