Қоғам

Мейрамханалар мен дәмханалардың форум қонақтарын қарсы алуға әзірлігі

Облыс орталығындағы мейрамханалар мен дәмханалар өңіраралық ынтымақтастық форумына келушілерге қызмет көрсетуге әзір. Осы күндері тамақтану орындары өздерінің жаңартылған ас мәзірін құрастырып, ал қызметкерлері болса соңғы дайындықтарын пысықтауда.

“Урарту” дәмханасының бас аспазы Николай Цыбуля өңіраралық ынтымақтастық форумына келетін меймандарға арнап бірнеше аз мәзірін ұсынбақшы. 10 жылдық тәжірибесі бар маман қазір армян халқының люля-кебабын бабына келтіріп дайындап жатыр. Сондай-ақ, қонақтарға қазақша етті де ұсынып, тамсандырмақ ниетте.

Николай Цыбуля – “Урарту” дәмханасының бас аспазы:

– Біздің дәмхана меймандарға армян және қазақ халқының бірнеше ұлттық тағамдарын ұсынатын болады. Әсіресе, қазақтың қуырдағы, бүйрек пен еттен жасалған тағамдарға тапсырыс көп берілетіні сөзсіз. Армян ұлтының астары да жоғары сұранысқа ие болары даусыз.

Бүгінде дәмхана қызметкерлері армян және қазақ халқының ұлттық тағамдарын әзірлеу жолында соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Қос елдің делегаттарына деп мұнда дәмі тіл үйірер астар молынан ұсынылмақ. Тағы форум қонақтары жеңіл салаттар мен сусындардың алуан түрлеріне тапсырыс бере алады.

Алина Бурдейная – “Урарту” дәмханасының әкімгері:

– Біз қонақтарды қарсы алуға әзірбіз. Қазан айында даяшылар біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келді. Бізде меймандарға деп 6 үстел дайын тұр. Онда жалпы саны – 26 клиент тамақтана алады.

Жалпы, маңызды шараға келушілерді жоғары деңгейде қарсы алып, тиісінше қызмет көрсетуге облыс орталығындағы барлық мейрамханалар мен дәмханалар толығымен әзір. Мысалға, “Урарту” дәмханасында қарашаның 1-інен бастап өткізілетін әр күнгі іс-шара бекітіліп қойған. Мұнда меймандарға сан ұлттық тағам ұсынылып, түрлі бағдарламалар да қарастырылыпты.

Андрей Фролов – “СҚО отельерлер мен рестораторлар асоциациясының” атқарушы директоры:

– Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін күндері қонақтарға 15 мейрамхана мен дәмхана қызмет көрсетеді. Олардың әрбірі ұлттық нақышта безендіріліп, қажетті қызметкерлермен қамтылды. Осы жылдың қыркүйегінде аспазшылар мен даяшыларға шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды.

Жалпы, бұл маңызды шараға қатысуға 2 мыңнан астам делегат өтініш білдірген екен.

Бахыт Садвокасов