Денсаулық сақтау

Диспансерлік есепте тұру-тұрмауды дәлелдейтін анықтамалар тегін берілмек

Азаматтардың психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған-тұрмағанын дәлелдейтін анықтамалар бұдан былай ақылы түрде емес, тегін берілетін болады. Бұл туралы Үкімет кезекті қаулы қабылдап, мемлекеттік қызметтердің жаңа реестрін бекітті. Жақын болашақта бұл құжатты электрондық үкімет порталы арқылы да алуға мүмкіндігі жасалмақ.

Саят Ермек – тілші:

– Жұмысқа тұру, шетелге шығу немесе әскери комиссиядан өту. Бұл үшін әр азамат өзінің психо-неврологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмағанын дәлелдейтін анықтама алуы тиіс. Бүгінге дейін бір парақ қағазды алу үшін ұзын сонар кезекте тұрып, 600-ден 700 теңгеге дейін қаражат төлеу қажет болатын. Алдағы уақытта бұл мемлекеттік қызметтер тегін көрсетілмек.

Қыркүйектің 3-і бұл қаулыны Үкімет қабылдап, мемлекеттік қызметтердің жаңа реестрін бекітті. Бұл жағымды жаңалық қазақстандықтарды қуантпай қоймады. Алайда, заң бойынша анықтамалар желтоқсанның басынан бастап қана тегін берілетін болады.

Дәуренбек Бейсенбаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қыркүйектің үші қаулы шыққаннан кейін үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа стандарты мен регламенті әзірленуі тиіс. Ол дайын болмайынша анықтамалар ескі формат бойынша ақылы түрде беріледі.

Петропавлда мұндай анықтамаларды екі мекеме береді. Бірі – туберкулезге қарсы диспансер болса, екіншісі бұрынғы психо-неврологиялық және наркологиялық диспансерлердің бірігуінен құрылған психикалық денсаулық орталығы. Қажетті анықтаманы мұнда қазірдің өзінде ақша төлемей алуға болады. Олар жаңа стандарттың шығуын күтпей-ақ, қазанның екісінен бері құжаттарды ескі үлгі бойынша тегін беріп жатыр. Себебі, жоғарыдан осындай нұсқаулық түскен. Тағы бір жәйт, мекемелер азаматтың тек диспансерлік есепте тұрған-тұрмағаны жайлы анықтаманы ғана тегін береді. Ал жүргізуші куәлігіне немесе қару-жарақ пайдалануға рұқсат алуда талап етілетін профилактикалық қарауларға баяғыдай қалтадан қаражат шығару керек болады.

Александр Букин – Психакалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– 2018 жылы көлік жүргізу куәлігін алуға тексерістен өту құны 3700, ал қару қолдануға рұқсат алу үшін қаралу құны 1400 теңгені құрайды. Себебі, бұл үшін анықтама жеткіліксіз. Азамат психиатр-наркологтың қабылдауынан өтіп, бірнеше талдамаларды тапсырады. Бұл профилактикалық қарау болғандықтан, мемлекеттік қызметтер реестріне кірмейді.

Желтоқсанның басында, мемлекеттік қызметтер үшін жаңа стандарт дайын болғанда азаматтар анықтамаларды ХҚКО-ларда немесе үйде электронды үкімет порталы арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бірақ, ол үшін электрондық сандық қолтаңбаны қолдану керек.

Саят Ермек