Бизнес және экономика

Бизнеске арналған «Құжаттар конструкторы» іске қосылды

Елімізде қазан айынан бастап бизнеске арналған «Құжаттар конструкторы» іске қосылды. Аталған сервис арқылы кәсіпкерлердің келісім-шарттарды онлай режимде толтыру мүмкіндіктері бар. Оған қоса, іскер жандар білікті сарапшылардың 500-ге жуық кеңесін ала алады.

Жақында іске қосылған құжаттар конструкторын жергілікті кәсіпкер Сергей Сапко қолданып үлгеріпті. Жерлесіміз сервисті өзінің қызметтік құралын жалға беру кезінде пайдаланған. Осының арқасында жұмысын жылдам, әрі еш қиындықсыз тындырыпты.

Сергей Сапко – кәсіпкер:

–  Сайт өте ыңғайлы. Аз уақыттың ішінде тіркеліп, керегімді таңдадым. Осылайша бар жұмысымды электронды форматта тындырдым. Тағы, сервисте мынадай бір жеңілдік бар. Егер де келісім шартта қажет емес дүниелер жазылса, оларды алып тастауға болады. Ал, көрсетілмесе өзің еңгізуге мүмкіндік бар.

Негізі сервисті кез-келген кәсіпкер қолдана алады. Ол үшін сontract.аtameken.kz сайтына тіркеліп, «Бизнес құқығын қорғау» тарифын таңдау керек. Сол жерде бірқатар келісімшарты толтырудың үлгілері көрсетілген.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары :

– Онлайн-сервисте шағын және микро-бизнеске арналған өзекті 100 құжат бар. Міне, соларға қарап келісімшарттарды толтыруға мүмкіндік бар. Бастысы барлық іс онлайн режимде жүзеге асады. Яғни, кәсіпкерлер бұрынғыдай мемкемелерді аралап, уақыт жоғалтпайды. Қазіргі таңда сайттын танымалдығы артып келеді. Мәселен, 1 жарым жұманың ішінде бізге 15 шақты бизнес иесі қоңырау шалды.

Бұдан бөлек, сайтта азаматтық, еңбек, қылмыстық заңнамалар мен бухгалтерлік есеп саласында білікті сарапшылардың 500-ге жуық кеңесі жазылған. Сонымен қатар сервисте кәсіпкерлік жайында мемлекеттік органдардың 10 мың жауабы енгізіліпті.

Байболат  Култанов