Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” “Ордабасы”-дан жеңіліс тапты

Премьер-лигада қала ма? Сенбілік матчта петропавлдық құрама Шымкенттің “Ордабасысын” қабылдады. Бұл кездесуге дейін “Қызыл-Жар” футбол клубы жоғарғы лига кестесінің 8-ші орнынды тұрған болатын.

Өткен матчтан кейін 100 пайыз қалпына келмеген “Қызыл-Жарға” бұл кездесуде ойнау қиынға соқты. Бірақ шымкенттіктерге есе жіберудің бағасы тым жоғары. Сондықтан бірінші тайм шабуылдар, соққылар мен қауіпті сәттерге толы болды. Ордабасы тарапынан Молодақараев пен Тұнғышбаевтың жойқын соққылары нәтиже бермеді. Осы орайда қос команда голкиперлерін ерекше атап өткен жөн. Шындығын айтқанда, олардың шеберлігі алғашқы 45 минуттықта есеп ашуға мүмкіндік бермеді. Ал екінші таймның басында “Қызыл-Жар” қарсыласты қыспақта ұстады. Фредди Коронель, Момоду Сисейдің ерекшеленетін бірнеше мүмкіндігі болған еді. Бірақ доп қақпаның не маңдайшасына тиді, не мүлт кетіп жатты. Ал, “Ордабасының” 59-шы минуттағы бір қарымта шабуылы оны алға шығарды.

Ерекшеленген – Жасұлан Молдақараев. Есеп 0:1. Осыдан кейін “Қызыл-Жар” Жанұзақовты Тимур Мульдиновқа алмастырды. Жас бомбардир алаңға шықпай жатып ерекшеленді. Айып алаңына лақтырылған допты қақпаға енгізген Мульдинов есепті теңестірді.

Бірақ тең есеп “Ордабасын” да, “Қызыл-Жарды” да қанағаттандырмайды. Жеңіс керек. Сондықтан ойынның соңғы минуттарында шымкенттік құрама бапкері ва-банкқа барып, 85-ші минутта Коичты алаңға шығарды. Орталық форвард арбитр қосқан 3 минутта ерекшелене білді. Қорытынды есеп 1:2. Осылайша бұл маусымда 3-ші рет Ордабасы петропавлдық клубты 1:2-мен тізе бүктірді.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СҚ” ФК бас бапкерінің орынбасары:

– Сәттілік жетіспеді. Бірінші таймды керемет өткерген едік, екіншісінде жігіттер бәсеңсіп қалды. Себебі, екі күндік демалыстан соң үшінші күні алаңға шығу физикалық тұрғыда қиын болды. Жоғарғы лигада қалуға мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті пайдаланып, жанкүйерлерді жерге қаратпауға тырысатын боламыз.

Тимур Досмағамбетов – “Ордасабасы”:

– Біз 4-ші орынға таласып жатырмыз. Осы позицияны қайткенде де сақтап қалу керекпіз. Сондықтан бұл матчта барынша тырысып бақтық. Жеңіс оңайлықпен келмеді, себебі, маусым басындағы “Қызыл-Жар” мен қазіргі “Қызыл-Жар”-ды салыстыруға мүлде келмейді. Құраманың ойын сапасы жақсарған.

Бұл жеңіс түстік футбол клубын 4-ші орынға жайғастырды. Ал “Қызыл-Жар” болса 8-ші орыннан 11-ге бірақ құлдырап, турнирлік кестенің қауіпті аймағында тұр. Алда соңғы тур бар. Енді келесі маусымда Премьер лигада қалу үшін петропавлдықтардың Қостанайда өтетін матчта жеңіске жетіп, өзге құрамалардан сәтсіз ойын күтуден басқа амалы жоқ.
Саят Ермек