Спорт

Петропавлда баскетболдан облыстық турнир өтті

Демалыс күндері Петропавлда баскетболдан облыстық турнир өтті. Бұл тартысты додада қала құрамасы мен өңіріміздің бес ауданынан келген жас баскетболшылар өзара мықтыны анықтады.

Алғашқы ойында петропавлдық құрама мен М.Жұмабаев ауданының спортшылары кездесті. Олар бірінші орын үшін таласуда. Екі команда да жақсы ойын көрсетіп жатыр. Сол себепті, қос құраманың арасындағы есеп айырмашылығы үлкен емес. Төреші екі ұжым да тең дәрежеде ойын көрсетті дейді.

Игорь Попов – жарыстың бас төрешісі:

– Қала құрамасы техника жағынан ерекшеленеді. Тәжірбиелері де мол. Оған қоса ойын алаңы да оларға таныс. Сол себепті бұл құрамаға оңайырақ. Бірақ, М.Жұмабаевтық спортшылар да бұл додада дес берер емес. Былтыр да бұл турнирде төреші болдым. Балалардың дайындығы жақсарғаны байқалады.

Дегенмен, қалалық құрама екінші кезеңде М.Жұмабаев командамасын артта қалдырып, 10:30 есебімен жеңіске жетті.

Мағжан Жұмабаев аудандық құрамасының бапкері өз спортшыларына қолдан келгенше қолдау көрсетіп, кеңестерін берді. Дегенмен бұдан еш нәрсе шықпады. Керісінше, қала құрамасы тағы 8 ұпайды қанжығаларына байлап, қарсыластарын артта қалдырды.

Темирлан Жексембеев – “Жеңіс” құрамасының ойыншысы, Петропавл қаласы:

– Жақсы ойын болды деп ойлаймын. Қарсыластарымыз да осал емес. Өзім екінші сыныптан бастап баскетболмен айналысамын.

Сонымен есеп 57:12. Петропавлдық құрама таза жеңіске жетті. Айта кеткен жөн осындай турнирлер спортшылар арасында жылына 3-4 рет өтіп тұрады. Бұл жолғы чемпионатқа облыстың бес ауданының баскетболшылары қатысты.

Дана Ешкенова