Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңіраралық ынтымақтастық форумының жоспары

Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының ұйымдастырушылары екі елдің меймандарын таңдаңдай қақтырмақ ниетте. Айта кетейік, халықаралық шара үш күннен кейін бастау алады. Форумның бірінші күні ашылатын көрмеде әсерлі голлографиялық шоу ұйымдастырылып, ВиАР-аймақ жасақталмақ.

Петропавл екі жыл бойы күткен халықаралық шараның шымылдығын қарашаның 8-інде туризм көрмесі ашпақ. Ол су жаңа теннис орталығында ұйымдастырылады. Өз өңірлерінің көрікті жерлерін Қазақстан мен Ресейдің 40-тан астам экспоненті ұсынатын болады. Тағы әсерлі голлографиялық шоу жоспарланған.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазақстан форум қонақтарына туристік әлеуеті жоғары, табиғаты шұрайлы деген үздік 10 мекенді көрсетпек. Бұл тізімге Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы да кіреді. Ол – СҚО-ның жобасы. Қазір халықаралық “Маккензи” компаниясы бұл курорттық мекенді жаңғыртудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Оны екінші Бурабай ету жоспарланған. Осының бәрі форум қатысушыларына таныстырылады.

Көрме экпозициясы таңдай қақтырарлық болады деп отыр ұйымдастырушылар. Петропавл тұрғындары жобалармен негізгі шара аяқталғаннан кейін екі күн бойы тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болмақ. Ал оқушылар сарайында форум бойы губернаторлар және әкімдердің қатысуымен ауқымды отырыстар өтеді. Басты жиын – шараның екінші күніне жоспарланған.

Саят Ермек – тілші:

– 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысы 9-қарашада дәл осы залда өтеді. Н.Назарбаев пен В.Путинды қабылдауға зал толығымен дайын. Қазір соңы әзірлік шаралары жүргізіліп жатыр. Дәл осы жерде Қазақстан мен Ресей делегаттары екі ел арасындағы туризмді дамыту әлеуетін талқылап, меморандумдарға қол қоймақ.

Оқушылар сарайының бұл бөлігіндегі сәні мен салтанаты жарасқан мәжіліс залына журналистер кіре алмады. Бірақ, бәрі жоғары деңгейде болады деп сендірді. Өңіраралық форумның Петропавлда өтуі шаһардың инфрақұрылымын ғана дамытып қоймады. Шараның бізге берері мол.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл әріптестік өрісін кеңейтуге берілген жақсы мүмкіндік. Екі елдің туристік компаниялары тәжірибе алмасып, демалушылар ағымын күшейту бойынша маңызды шешімдер қабылдайды. Солтүстік Қазақстан Ресейдің Түмен, Омбы және Қорған облыстарымен шекаралас жатыр. Форумның көмегімен осы және басқа өңірлерден келетін ресейлік демалушылардың саны артады деген ойдамыз. Ал жергілікті билік бұған қажеттінің бәрін жасайды: жол салады, инфрақұрылымды дамытады.

Қарашаның 8-і мен 9-ы күндері тек Жамбыл көшесі ғана жабылады, сондықтан жүргізушілерге алаңдаудың еш қажеті жоқ. Ал жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірге көршілес облыстардан 400-ге жуық тәртіп сақшысы мен құтқарушылар келген. Қазірдің өзінде форум өтетін нысандар олардың жіті бақылауында.

Саят Ермек – тілші:

– Петропавл форум меймандарын Қазақстанға тән қонақжайлылықпен қарсы алуға сақадай сай. Мейманханалар жаңғыртылған, ал театрлар, концерт залдары мен музейлерде мәдени бағдарламалар әзірленіп жатыр. Қонақтарды қарсы алатын 180 ерікті де дайын. Ал делегаттардың көп болатынына еш күмән жоқ. Қазірдің өзінде форумның сайтына 2 мыңнан астам делегат тіркелген. Төрттен бірі – ресейліктер.

Саят Ермек