Тұлға

Ер есімі – ел есінде

Араға 75 жыл салып, марапат өз иесін тапты. 1943 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз Николай Фундовойға «Қызыл жұлдыз» орденін беру жөнінде бұйрық шыққан болатын. Бірақ, көзсіз ерлігінің жемісін батыр өзі көрмей, награда оның ұрпағына табысталды.

27 жасында майдан даласына аттанып, талай ұрыстарда фашистерге қарсы шыққан Николай Фундовой, 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық деп танылады. Алайда, ауыр жарақаттанып, 3 ай госпитальда жатқан жауынгер наградасын бірден ала алмапты. Ал кейін марапатын іздестірудің реті келмеген. 1986 жылы Николай Михайлович 72 жасында көз жұмады. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, оған тиесілі марапат ескерусіз қалмай, бүгін батырдың ұрпағына табысталды.

Көз жасына ерік берген Николай Фундовойдың қызы әкесінің соғыстан кейінгі жылдары да бел жазбай еңбек еткендігін айтады. Ол Қызылжар ауданындағы Якорь ауылында жүргізуші болып жұмыс істеген. Әскери адам болғандықтан қатал тәртіпті ұнатыпты.

Раиса Уфельман – Н.Фундовойдың қызы:

–  Менің екі ағам соғысқа дейін дүниеге келсе, мен – әкем үйге оралған соң, 48-ші жылы тудым. Талай сұмдықты көрген әкеміз қаталдау жан болды. Ол бізді үнемі шымыр болуға үйретті. Таңертең ерте тұрғызып, отбасы мүшелерімен жаттығу жасайтын.

Николай Фундовой сұрапыл соғыс жылдары танкист болған. Ол туысқандарына өзінің «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын айтпапты да. Тек бертін интернетті ақтарып отырған балалары бұл туралы ақпаратқа өздері кез болған.

София Гальчина – Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің атташесі:

– Марапаттарын ала алмаған жауынгерлер көп. Николай Фундовой да сондайлардың бірі. Кей жағдайда құжаттар жоғалып қалса, кей кездері майдангерлер табылмаған. Ал бұл жағдайда Николай Михайловичтің тегі қате жазылыпты. Мен алып келген құжаттарда Николай Фондовой деп көрсетілген. Орден әріптен қате жіберілгендіктен, берілмеуі мүмкін. Сол себепті, туыстарының белсенділік танытқаны қуантады.

Жалпы, 2017 жылдан бері өңірде жауынгерлердің ұрпағына 7 награда тапсырылыпты.

Магжан Ахмадина