Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданындағы “СПК МОЛ-ТД” ӨК тәулігіне 1 тонна сүт өңдейді

Аққайың ауданында “СПК МОЛ-ТД” атты өндірістік кооператив бар. Өткен жылы жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде тәулігіне 1 тонна сүт өңдейді. Яғни, мұнда пастерленген ақтан басқа дәмі тіл үйірер қаймақ, май мен ірімшік жасалады. Қазіргі күні өндіріс ошағының дайын өнімі Смирново селосы мен облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарында сатылуда.

Аққайың ауданындағы “СПК МОЛ-ТД” кооперативі өткен жылдың ақпан айында құрылды. Бастапқы кезеңде шағын кәсіпорын маңайдағы 4 ауылдық округтен сүт жинап, Бескөлдегі “Молсервис” серіктестігіне сатып отырыпты. Осылайша аяққа тұрып кеткен. Кейін, өндіріс ошағының басшылары Евгений Данько мен Ермек Татваев Смирновода өздеріне тиесілі ақ өңдеу цехын ашуды қолға алыпты.

Евгений Данько – “СПК МОЛ-ТД” ӨК директоры:

–  Цехтың құрылысы өткен жылы басталды. Жұмысты биыл толығымен тәмамдап, осыдан шамамен 1 ай бұрын сүт өңдеуге кірістік. Қазіргі таңда қаймақ, май, ірімшік пен майлылығы 3,2 пайызды құрайтын пастерленген сүт шығарамыз. Табиғи таза өнімнің барлығын заманауи қондырғылар жасайды. Бұл құрылғыларды Ресейден өз ақшамызға шамамен 60 млн теңгеге сатып алдық. Мемлекет бізге субсидия ретінде шығынның 3-тен бірін қайтарып берді.

Қазіргі таңда тәулігіне 1 тонна сүт өңдейтін кооперативте 7 адам қызмет етеді. Солардың бірі – Мұхамедияр Сүйіндіков. Жерлесіміз цехтағы іске жауапты. Ол ауылдардан жиналған ақты қабылдап алады. Кейін, өнімді қондырғыларға жібереді. Азамат селода осындай кәсіпорын ашылып, екі қолға бір күрек тапқанына қуанышты.

Мұхамедияр Сүйіндіков – “СПК МОЛ-ТД” ӨК операторы:

– Ауылды жерде жұмыс жоқ. Бұл шындық. Өзім осындай мекемеде еңбек ететіндімігем қуаныштымын.

Айта кетейік, мұндағы жұмысшылардың орташа айлықтары 80 мың теңгені құрайды. Жалпы, аз уақыттың ішінде өндіріс ошағының өнімдері халық арасында үлкен сұранысқа ие болыпты. Бүгінде “Смирновское” атауымен шығарылатын тауар түрлері Аққайың ауданы бойынша ғана емес, Петропавлда да саудаланады.

Рауза Ешкеева – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Біз “Смирновское” алып тұрамыз. Өнімнің бағасы жақ, өзі де қою. Балалар сүйсініп ішеді.

Алдағы уақытта “СПК МОЛ-ТД” өндірістік кооперативі өнімнің түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Болашақта мұндағылар йогурт, айран да шығармақ. Жалпы, бүгінде Аққайың ауданында 47 мал шаруашылығы кәсіпорыны бар. Олардың 7-еуі сүт өңдеу ісін қолға алыпты.

Байболат  Култанов