ТЖ

Теріскейде “Қыс-2018” республикалық командалық-штабтық оқулары өтті

Мамлютка қаласындағы электр тарату орталығынан өрт шығып, тас жолда көліктер қар құрсауында қалып қойды. Осындай сценариймен өңірде “Қыс-2018” республикалық командалық-штабтық оқулары өтті. Құтқарушылар өзге сала өкілдерімен бірлесе әрекет етіп, орын алған апатты жойды.

Бақыт Сәдуақасов – тілші: 

– Тосыннан орын алған апаттық жағдайда адам өмірі құтқарушылардың шапшаңдығына тікелей байланысты. Сондықтан, олардың әзірлігі – басты назарда. Осы мақсатта бүгін облыста “Қыс-2018” республикалық командалық-оқу жаттығулары өткізілуде.

Жаттығу жиынына аудандағы төтенше жағдайлар қызметінің қолданысындағы техникалар жұмылдырылды. Сондай-ақ, мұнда жедел жәрдем қызметі, тас жолдарды қардан аршитын техникалар қаз-қатар тізілген. Осы қызмет өкілдерінің жұмыла қимылдауының арқасында апатты жылдам жоюға болады.Аудан құтқарушыларының қыз мезгіліне дайындығын облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев байқап, сап түзеген қызметкерлермен тілдесті.

Сценарий бойынша Мамлютка қаласындағы аудандық электр тарату орталығындағы трансформаторлардың бірі отқа оранды. Оқыс оқиға жайлы 101 нөміріне хабар келіп түседі. Бұдан соң, аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы мен өзге құтқару қызметтері оқиға орнына бет алды.

Қызыл жалын аумағын байқаған құтқарушылар жедел штаб құрып, 2 бірлік өрт сөндіру көлігімен апатты ауыздықтауға кірісіп кетті. Осы кезде күйік шалған өрттен электрик маманды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға әкетті. 2 бірдей қызмет мамандары тапсырманы тиянақты орындаудың нәтижесінде адам өмірін аман сақтап, трансформатордағы өртті дер кезінде ауыздықтады.

Артем Артемьев – Мамлют аудандық өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Кезекші бөлімге суыт хабар келісімен, біз оқиға орын алған жерге 2 минут ішінде жеттік. Тілсіз жауды ауыздықтауға бөлімнің барлық жеке құрамы тартылды. Негізі, аудан аумағында төтенше жағдайлар жиі орын алады. Бүгінгі шараның арқасында қызметкерлеріміз өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдай түседі деп есептеймін.

Оқыс оқиға мұнымен бітпеді. Құтқарушылардың боранды күндерде жедел қимылдау әрекеті де сыналды.
Жаттығу желісі бойынша жеңіл көлік пен жолаушылары бар автобус жол шетіне шығып кетеді. Шақыртуға шұғыл жеткен мамандар тұрғындарға ыстық шәй беріп қауіпсіз жерге апарды. Кейін жол тазалаушы арнайы техникалар қар құрсауында қалып қойған көліктерді шығарады.

Барлығы биыл өңірдегі тас жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше жылыту пункттері дайындалыпты. Тағы облыс аумағындағы тас жолдарды қардан аршуға 700 бірлік техника әзір тұр.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

– Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаменті Мамлют ауданында республикалық оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруда. Құтқару қызметінің мамандары берілген тапсырманы толығымен орындап шықты. Бүгінде Мамлют ауданында көмекке келетін 10 құтқару бригадасы жасақталған. Онда 24 бірлік техника мен 50 маман бар.

Айта кетейік, бұл күндері республикалық “Қыс-2018” командалық-штабтық оқулары теріскейден өзге еліміздің барлық аймақтарында өткізілді.

Бақыт Сәдуақасов