Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл-Қорған трассасын жөндеу жұмыстары 50%-ға тәмам

Петропавл-Қорған тас жолының Ресеймен шекараға дейінгі аралығына күрделі жөндеу жүрігізу үшін ел қазынасынан 27 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін мердігер – “Қаздорстрой” компаниясы 16 млрд-ын игеріп, шаруаның тең жартысын тәмамдап қойыпты.

Петропавл-Қорған трассасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынса, күрделі жөндеу соңғы рет осыдан 40 жыл бұрын жүргізілсе керек. Келесі аптада бастау алатын өңіраралық ынтымақтастық форумы алдында трассаның Ресеймен шекараға дейінгі 60 шақырымы қайтадан салынып жатыр. Жұмыстар өткен жылдың тамызында басталып, бүгінге дейін тең жартысы аяқталған. Қалғаны 2019-ға жоспарланып отыр.

Ринат Ташмуллин – “Сапа СЗ” ЖШС жобаның бас инженері:

– Солтүстік Қазақстанның климаты қиындау, сол себепті жұмыс жүргізу мерзімі де ұзаққа созыла қоймайды. Әрі батпақты жерлері көп болғандықтан органикалық заттар жиі кездеседі. Сондықтан, жол салмас бұрын жерге қалыңдығы жарты метрді құрайтын ірі сынықты топырақ, кейін 20 сантиметрлік тас қабатын, тағы қалыңдығы 16 сантиметрге қиыршық тас пен құм төселді.

Бұл аралықтағы жолды қалыпқа келтіруге “ҚазАвтоЖол” акционерлік қоғамы тапсырыс берген. Ұлттық компания сапаға ерекше мән береді. Трассада асфальт жабындысының 3 бірдей қабаты төселуде. Соңғы қабат қиыршықты-мастикалық асфальт-бетоннан тұрады. Ол өзгесіне қарағанда анағұрлым берік келеді екен. Жөндеу жұмыстарын мердігер “K-Dorstroy” АҚ жүргізуде.

Юрий Ивашов – “K-Dorstroy” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Бәрі жоспарға сай жүріп жатыр. Трассаның ұзындығы 60 шақырым болса, оның тең жартысына асфальт жабындысының төменгі қабаты төселді. Ал 15,7 шақырымында жұмыстар толығымен аяқталды. Бөлінген қаржы – 27 млрд теңге. Өткен жылы – 5, ал биыл 11 млрд-ын игердік. Қалғаны келер жылға қарастырылған.

Көлік ағымы салдарынан кептелістер туындамас үшін трассаның Соколовкаға бұрылыстағы жол полициясы бекетіне дейінгі 4,5 шақырымы 4 жолақты болады. Қалған 55 километріндегі жол екі жолақты етіп жасалмақ.
Ал мынау – мердігер компанияның өндірістік базасы. Мұнда асфальт-бетон өндіретін екі жылжымалы шағын зауыт орналасқан. Тиісті материал дәл осы жерде дайындалып, тура құрылыс алаңына жеткізіледі. Ал жолдың сапасы 5 сатылы тексерістен өтеді. Алдымен мердігер “K-Dorstroy” кәсіпорны өз зертханасында топырақ, тас, қиыршық тастар мен асфальт-бетон жабындысын жан-жақты тексеріп алады.

Мәселен, мына қондырғының көмегімен қазір асфальт жабындысының жүктемеге шыдамдылығы анықталуда. Бұл үшін сынама арнайы пресстің астына салынды. Бәрі мемлекеттік стандарттарға сай болуы тиіс. Ал, мына фургон – “Солтүстікжолзертханасы” мекемесіне тиесілі. Көпфункционалды жылжымалы зертхана мамандары төселген жол сапасына мемлекеттік бақылау жүргізеді.

Еркін Әбілмәжінов – “Солтүстікжолзертханасы” РММ инженері:

– Мамандандырылған машина заманауи қондырғылар және ресейлік компьютерлік бағдарламамен жабдықталған. Алдымен жол материалының сынамасын алып, кейін оның сапасын байқаймыз. Петропавл-Қорған трассасын тексергенде бір ғана олқылық анықталды. Кейбір учаскелерде асфальт жабындысының тегіс еместігін байқадық. Қазір кемшіліктердің бәрі түзетілді.

Мердігер өз жұмысына 5 жылдық кепілдеме беріп отыр. Яғни, жол сапасы сын көтермесе, “K-Dorstroy” оны өз қаражатына қайта жөндейді. Жалпы, теріскей өңірі арқылы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының 1468 шақырымы өтеді. “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы биыл олардың 209 шақырымында түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалған жолдардың жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайды. Ал 149 шақырым жол орташа жөндеу көрді. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 1,3 есеге артық.

Жаңадан төселген магистральдің қолданылу уақыты 20 жылдан кем болмау керек. Жарамдылық мерзімін ұзарту үшін “ҚазАвтоЖол” Петропавлдан бастап Ресеймен шекараға дейінгі 60 шақырымдық трассаны ақылы етпекші. Келешекте көлік жүргізушілері жолдың бір шақырымы үшін 1 теңге төлеуі мүмкін. Жиналған қаражат жолды күтіп-ұстауға жұмсалмақ. Алайда, бұл әлі жоспарда.

Саят Ермек