Құқық қорғау органдары

Петропавл қалалық ІІБ фронт-кеңсе ашылды

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасында фронт-кеңсе ашылды. Еліміздің құқық қорғау органдары арасында алғашқылардың бірі болып жұмысын бастаған офисте бар жағдай жасалған. Онда тұрғындар аз уақыттың ішінде шаруаларын тындырады, әкімшілік айыппұлдарын төлейді.

Осыдан шамамен 10 күн бұрын Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының дәлізі көмескі тартып тұратын. Ал бүгін нысан іші мүлде басқа. Мұнда бірнеше жайлы орындықтар, айыппұл төлеуге арналған терминал қойылған жарық әрі жылы фронт-кеңсе ашылып отыр. Офисте 4 маман жұмыс істейді. Олар тұрғындарға бірнеше қызмет түрін көрсетпек.

Жандос Мұқатов – Петропавл қалалық ІІБ бастығы:

–  Бұл жерде тергеу мен анықтау жүргізіледі. Халықтың арызы алынады. Тағы қару жараққа лицензия беріледі.

Оған қоса мұнда компьютер ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның базасына қосылыпты. Осы арқылы мамандар тұрғындарға шұғыл түрде қызмет көрсете алады. Тағы осы жерде тегін Wi-Fi желісі де жұмыс істейді. Көп кешікпей-ақ, кеңсеге алғашқы келушілер бас сұқты. Солардың бірі – Андрей Богданов. Жерлесіміз айппұл төлеу ережесін білуге келіпті.

Андрей Богданов – қала тұрғыны:

–  Осы жерге бұрындары да келгем. Онда қызмет алуға уақыт көп кететін. Қазір бәрі жылдам екен. Маман маған айыппұл төлеу жайын бар-жоғы 10 минуттың ішінде түсіндірді. Оған қоса, басқа да сұрақтарыма жауап берді.

Фронт-кеңсеге өңірдің бас полицейі Берік Біләлов бас сұқты. Департамент бастығы меймандарға офистің жұмысы жайлы айтып берді. Айта кетейік, бір күннің ішінде Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына 100-ден аса адам келеді екен. Енді, алдағы уақытта мұндай орталықтар аудандық және қалалық бөлімдерде де ашылмақ.

Байболат  Култанов