ТКШ

Коммуналдық кәсіпорындар қысқа дайын

Соңғы күндері қалада әжептәуір қар түсті. Бүгінде коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері облыс орталығын ақ ұлпадан тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. Жалпы қыс уақытында Петропавлда қар тазалау жұмыстары 8 серіктестікке жүктеліп отыр. Мамандар қауырт маусымға толығымен дайынбыз дейді.

– Қараша келмей, қар жаумас”,- дейді дана халқымыз. Күн қабағы бірте-бірте қатайып, қиыршықтап ақ ұлпа қар да түсіп үлгерді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға ыңғайсыздық туғызып отыр. Сондықтан, қазір қала бойынша тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Таңертеңнен жұмысшылар іске білек сыбана кірісіп кетті. Олар орталық көшелерді қардан тазартып жатыр. Тұрғындар коммнуалдық кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысына өз бағаларын берді.

– Көшелер таза. Қала бойынша жұмыс жүріп жатқаны көрініп тұр. Өзім Жамбыл Жабаев көшесінде тұрамын. Түнде қар жауса, таңатпай жұмысшылар тазалап жатады.

– Менің ойымша, ең бастысы көктайғақ болмаса болды. Ал жерде аппақ қардың жатқаны әдемі көрінеді.

Сондай-ақ, көктайғақ кезінде апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында жолдарға құм-тұз қоспасы да себіліпжатыр. Биыл осындай тұз аралас құмның 2550 текше метрі әзірленген. Инертті материал төсеу жұмыстарына Петропавлда 3 бірдей кәсіпорын жұмылдырылған.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Серіктестіктер көктайғақ кезеңіндегі жұмыстарға түнгі уақытта шығады. Яғни, түнгі сағат 2-ден таңғы 6-ға дейін.

Тиісті жұмыстар қаланың 241 көшесінде жүргізіледі. Қыс уақытында қар тазалаумен 8 серіктестік айналысады. Олардың қарамағында 160 арнайы техника бар екен.

Мөлдір Шаяхмет