МТРА жаңалықтары

Өңірде жылу мен жарық тарифі төмендеді

Теріскейлік тұрғындарға жағымды жаңалық! Қарашаның 1-інен бастап өңірде жылу мен жарықтың бағасы төмендеді. Мұндай өзгеріс өтемдік тариф пен электр энергиясын халыққа тарату қызметінің арзандауына байланысты орын алып отыр. Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандарынан біліп қайттық.

Өңірімізде жыл сайын коммуналдық қызмет бағасы қымбаттайды. Бұған үйренісіп кеткеніміз белгілі. Бірақ, биыл бәрі өзгеше болып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1-ші қарашадан бастап теріскейде жылу құны 35 теңгеге төмендеді. Мұның себебі өтемдік тарифтің енгізілуінде екен.

Елена Ганзёра – СҚО табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

–  Бізде негізсіз кіріс деген болады. Міне, осы бойынша 2 жылдың ішінде 31 млн теңге артық ақша жиналып қалды. Бұл Петропавл қалалық прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде анықталды. Осыған байланысты өтемдік тариф енгізіліп отыр. Енді, тұтынушыларымыз жылудың бір гигакалориясы үшін бұрынғыдай 3185 теңге емес, 3150 теңге төлейді. Осылайша артық ақша 1 жылдың ішінде игеріледі.

Айта кетейік, бүгінде “Севказэнергосбыт” серіктестігінің 70 мыңға жуық тұтынушысы бар. Бұған қоса, теріскейде 1-ші қарашадан бастап электр энергиясының да тарифі төмендеді. Әрине, көп емес. 1 кВт жарықтың құны бар-жоғы 33 тиынға арзандады.

Елена Ганзёра – СҚО табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

–  “Севказэнергосбыт” серіктестігі баға белгілеу кезінде электр энегиясының тарифін төмендетті. Мұның себебі жарықты тарату қызметінің арзауында болып отыр. Енді, осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жарыққа бұрынғыдан аз төлейді.

Жерлестеріміз күні кеше ғана орын алған өзгеріске қатысты түрлі пікір білдірді. Олардың бірі тарифтер әлі де қымбат десе, енді бірі бағаның бұлай арзандағанына риза.

–  Өзім 2 бөлмелі пәтерде тұрамын. Жылу үшін қыс айларында 7 мың теңгедей төлеймін. Енді, тарифтің төмендегеніне байланысты шығынымыз да кемімек.

– Мұндай жаңалыққа сену қиын. Бірақ, өзім бұл өзгеріске қуаныштымын.

Дегенмен, қуаныш көпке созылмайтын сияқты. Себебі, облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Елена Ганзёра келер жылдың 1-ші қаңтарынан коммуналдық қызмет бағасы қайтадан қымбаттайтындығын айтып отыр.

Култанов Байболат