Ауа райы

Қараша айына жасалған ауа райы болжамы

Күздің ең суық соңғы айы да келіп жетті. Қараша басталысымен-ақ өзінің қытымыр мінезін танытуда. Синоптиктердің болжауынша, бұл айда орташа ауа температурасы минус 6-8 градусты құрамақ. Сондай-ақ, кей жерлерде тұман және көктайғақ болады деп күтілуде.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Желдің ұйытқуы, боран мен көктайғақ. Қараша басталысымен-ақ теріскейліктерге қауырт желіден дәл осындай хабарламалар келуде. Алайда, бір күн ішінде мың құбылатын ауа райына тұрғындардың еті әбден үйренген. Сонда да күздің соңғы айы жылы болсын деп тілектерін білдіруде.

–  Биылғы қараша айы жылы болса екен деп тілеймін. Себебі, бізде қыс мезгілі жай да ұзаққа созылады.

– Жеміс-жидегімізді жинап алдық. Ауа райы халықтың көңілінен шықты. Енді қысымыз қыспай, жақсы өтсін деймін.

Бірі әлі жылы күндердің болғанын қаласа, енді бірі осы айда қар жатқаны табиғи құбылыс дейді. Әсіресе, солтүстікте бұл таңқаларлық емес екені сөзсіз. Ағымдағы онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы түнде -5-10, күндіз 0-8 градус аязға дейін төмендейді. Жалпы қараша құбылмалылық танытпақ. Неге десеңіз, синоптиктердің болжауынша айдың ортасына қарай тіптен суытпақ. Ауа температурасы түнде минус 13-18, ал күндіз 5-10-ға аязға дейін жететін көрінеді.

Жанбота Нұртазина – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы тунде 0-5, кей жерлерде 10 градус аяздан, 5-10, кей жерлерде 15 градус аязға дейін, күндіз 0-5 градус жылы, кей жерлерде 5 градус аяздан ауытқиды.

Тарихқа көз жүгіртсек, ең суық қараша айы 1987 жылы тіркеліпті. Ол кезде сынап бағанасы минус 37 градустан төмен түскен екен. Ал, 55-ші жылы ауа температурасы 14 градус жылыға дейін жоғарылаған.

Эльмира Сәдуақасова