Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Тайынша ауданына барды

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев іс-сапармен Тайынша ауданында болып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін екі зауыттың жұмысымен танысты. Кейін Тайынша активімен жүздесіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президент жолдауын жүзеге асыру бойынша бірқатар міндеттер айқындады.

Аудан активімен жүздеспес бұрын Арман Евниев алдымен “Тайынша Май” зауытына бас сұқты. Ол Ильичевка ауылында орналасқан. Күніне мұнда 600 тоннадай 3-ші дәрежедегі тазартылған май шығарылады. Бірақ, кәсіпорынның тәулігіне рапс, зығыр және күнбағыс майының мың тоннасын өндіруге қауқары бар екен. Биыл зауыт тек рапс өңдеуге ден қойып отыр.

– Бізде басқалардан өзгеше. Май екі рет қысып шығарылады, сондықтан рапс майын көп өндіреміз.

– Двойной отжим ғой.

Дақылдардан май алатын қондырғыларды басқару үрдісі мұнда толығымен автоматтандырылған. Дайын өнімді экспорттайтын нарық та бар. Май да, шикізат қалдықтары та тура Қытайға жөнелтіледі. Зауыт 4 ауылдың 80-нен астам тұрғынын еңбекпен қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев осы және Ильичевкадағы өзге өндіріс ошақтарының жұмысшылары, сондай-ақ жергілікті аграрийлердің бірқатарымен жүздесті. Тілге тиек етілгені – Елбасы жолдауы.

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

 – Елбасы алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен экспортқа шығатын отандық тауарлардың көлемін 2,5 есеге өсіру міндетін қойды. Яғни, шаруа қожалықтары өзіне тиесілі жерлерден бұрынғыға қарағанда 2,5 есе мол өнім алуы тиіс. Мұнда егістік алқаптардың аумағын көбейтуге емес, тұқымның сапасына, бір гектардан алынатын өнімнің көлемін арттыруға ден қою керексіздер.

Бұдан соң вице-министр Тайыншадағы «Bio Operations» серіктестігіне аттанды. Арман Евниев зауыт еңбеккерлерімен жүздесіп, жолдау жүктеп отырған міндеттерді түсіндіріп өтті.

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

– Елбасы ауылды – ел бесігі деді. Бәріміз ауылдан шыққанбыз. Сондықтан, алдағы уақытта елді мекендерді таза ауыз сумен, сапалы медицина және біліммен, жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамту үшін барлық жағдайлар жасалады. Бірақ, болашағы жоқ, 10-20 түтіндік ауылдарға қазынадан қаражат шығарудың қажеті жоқ. Оларды келешегі бар елді мекендерге көшіру үшін жағдай жасау керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты арта түседі.

Кейін вице-министр зауытты аралап шықты. Өндіріс ошағы жылына 300 мың тоннаға жуық астықты терең өңдеп, одан ұн мен бидай крахмалы, ал өндіріс қалдықтарынан «төп» атты мал азығын шығарады. Ал жуырда «Bio Operations» құрғақ бидай кілегейін өндіретін цехті іске қосқан. Ол кондитерлік және тамақ өндірісінде кеңінен қолданылады. Өнімнің экпорттық әлеуетіне Арман Евниев жоғары бағасын берді.

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

 – Кілегейді шетел нарығына шығаруда қандай көмек керек? Осының бәрін ойластырыңыздар. Өнімді АҚШ-қа жөнелтеді екенсіздер. Министр жуырда бұл елде болып қайтты. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осының арқасында экспорт көлемін арттыруға болады. Қытай нарығына шығуға да қол ұшын береміз.

Зауыт мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мұндағы принцип – өндіріс қуатын біртіндеп арттыру.

Алмас Қалимурзин – «Bio Operations» ЖШС коммерциялық директоры:

– Алдағы бірер жылда биоэтанол өндіретін цехті іске қоспақшымыз. Ол биоотын өндірісінде пайдаланылады. Ұн, кілегей, крахмал өндіру үшін шикізаттың барлығын жергілікті диқандардан сатып аламыз, осылайша оларға қолдау көрсетіп отырмыз.

Тайынша ауданындағы екі іргелі өндіріс ошағының жұмысы вице-министрдің көңілінен шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін мұндай зауыттарға мемлекет әрдайым қолдау көрсетуге әзір деді Арман Евниев.

Арман Евниев – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

– АӨК ілгерілету үшін министрлік 11 салалық бағдарлама жасап шығарды. 4-уі – мал, тағы соншасы өсімдік шаруашылығына бағытталған. Орман және аң шаруашылықтарын да қамтыдық. Бұл салаларда бизнес бастаймын дейтін азаматқа мемлекет барынша қолдау көрсетеді. Мысалы, кәсіпкерге зауыт не қожалық ашу үшін құйылған инвестицияның 25 пайызына мемлекет субсидия береді. Өз кәсібін бастау үшін несие алғысы келетін азаматтарға пайыздық үстеменің 10 пайызын субсидиялаймыз.

Бұдан соң вице-министр Президент жолдауын талқылау үшін Тайынша ауданы активінің басын қосты. Стратегиялық құжатта жүктелген міндеттер жиналған қауымның көкейіне қонымды болу үшін Арман Евниев креатив көмегіне жүгінген. Көз үйренген мәжіліс залының орнына – мейманхана, ал дәстүрлі баяндамалардың орнына – заманауи тренинг әдісі. Тайынша ауданында барлығы 18 ауылдық округ бар. Вице-министр оларды екі-екіден 9 командаға бөлді. Ал оныншы команда – аудан басшылығы. Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін жергілікті билік өкілдері нендей шаруа атқаруы керек? Ол үшін әр құрама вице-министр берген тапсырмаларды орындады. Солардың бірі – “Проблемалар ағашы”. Мұнда әр әкім өз округіндегі мәселелерге 10 балдық шкала бойынша баға беріп, проблемаларын Арман Евниевтің алдына жайып салды.

Рүстем Жұмағұлов – “Теңдік” ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

 – Округтегі жолдардың жағдайы өте мүшкіл. Аудан әкімінің есептік кездесулерінде бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Биыл “Қаратомар” серіктестігі және ауылдық әкімдік бірлесіп, жолдардағы шұңқырларды жөндеген едік, бірақ одан қайыр болмады. Тағы бір мәселе – округтегі ұялы байланыс сапасы өте төмен.

Тағы тұрғындарды ауылдағы мәдениет үйлері мен спорт залдарының жағдайы, сапалы медициналық кадрлардың тапшылығы толғандырады екен. Кейін вице-министр бұл мәселелер бойынша аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар жүктейтін болады.

Саят Ермек