МТРА жаңалықтары

Петропавлда шаһардың геопорталы жасалынбақ

Петропавлдың электронды картасы. Жуық арада шаһарымызда Қазақстан бойынша алғаш болып геопортал іске қосылады. Веб-сервис мемлекеттік орган, бизнес өкілдері мен тұрғындар үшін тиімді болмақ. Жобаға қазір IT бағыттағы үйірмелердің тәрбиеленушілері де қызығушылық танытуда.

Бұл – елімізде теңдесі жоқ оқушылар сарайы. Себебі, орталық IT бағытына негізделіп жасалған. Сондықтан, осы салаға басымдық берілетін нысанда заманауи технологиялармен жабдықталған 16 лабораториялық кабинет бар. Мұндағы үйірмелерге бир мезетте 1800-ге жуық бала бара алады.

Кәмшат Мусина – Оқушылар сарайының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:

– Мұнда робот жасай, 3d прототиптеу сынды үйірмелердің түр-түрі бар. Оқушылар үшін барлығын тегін.

Барлығы оқушылар сарайында IT бағытта 67 үйірме жұмыс істемек. Балалар кішігірім топтарға бөлініп, сандық теxнологияларды меңгереді. Андрей Бабошин робот жасау ісіне шамамен екі жыл бұрын ден қойған. Қазір жасөспірім дрондардың түр-түрін зерттеп, олардың ұшу уақытын ұзарту бойынша біраз шаруа атқаруда. Бұл жобаны іске асыру үшін оған Оқушылар сарайындағы үйірмелер сеп болмақ.

Андрей Бабошин – М.Айтхожин атындағы № 1 орта мектептің оқушысы:

– Жаз уақытында біз аталған жоба бойынша жұмысымызды бастап кеттік. Тәжірибе барысында пестицидпен өңдеу үшін аумағы бірдей екі алқапты алдық. Бірінші танаптағы шаруаны – біз әдеттегі әдіспен, ал екіншісін жүк көтере алатын дрон арқылы атқардық. Соңғысы процессті тез әрі қоршаған ортаға зиян тигізбей орындады. Енді біз ұшқышсыз басқарылатын техниканың мүмкіндіктерін жетілдіргіміз келеді. Бұл бағытта Оқушылар сарайындағы IT сыныптардың берері мол. Себебі, мұнда жұмысқа қажеттінің барлығы бар.

Ал алдағы уақытта оқушылар ауқымды жобаның жүзеге асуына ат салыса алады. «GEOSCAN-КАЗАХСТАН» компаниясы шаһарымызда бірегей геопорталды іске қоспақ ниетте. Ол мемлекеттік қызмет өкілдері, бизнесмендер мен тұрғындар үшін қолайлы болмақ. Тиімділігі сол – порталда қаламыздың картасы орналастырылады. Алайда, мұнда тек көшелер ғана емес, әрбір үй, мекеме, тіпті, жылу, электр және кәріздік желілеріне дейін қамтылмак. Егер құбырлар істен шығып, сымдар үзіліп, апаттық жағдай туындаса оның барлығы порталда көрсетіледі екен.

Сергей Крыцкий – «GEOSCAN-КАЗАХСТАН» ЖШС директоры:

– Порталдағы ақпарат санат бойынша берілмек. Яғни, инвесторлар үшін инфрақұрылым дерекқоры қолжетімді болады. Осылайша, бизнесмен өзінің жобасына қажет мағлұматты алады. Ал тұрғындар қаладағы проблемалық учаскелерді көре алады. Мұнда тіпті ашық қалған құдыққа дейін көрсетілмек. Бұл туралы геопортал арқылы тиісті ведомство өкіліне шағым түсіру мүмкіндігі де қарастырылған.

Мұндай жоба Ресей елінің бірнеше қалаларында 5 жылдай қолданылып келеді екен. Ал Қазақстан бойынша шаһардың геопарталы алғаш болып Петропавлда іске қосылады.

Эльмира Садвокасова