Қоғам

Петропавлда алғаш рет облыстық “Шексіз өнер” шығармашылық фестивалі өтті

Петропавлда алғаш рет облыстық “Шексіз өнер” шығармашылық фестивалі өтті. Шараға облыстан 200-ге жуық дарынды мүгедек жан қатысып, 6 аталым бойынша өнер көрсетті.

Облыстық “Шексіз өнер” шығармашылық фестиваліне қатысуға өңір аудандары мен шаһардан 180 жан тілек білдірген. Алдымен келушілердің назарына мәдениет үйінің фоесінде шағын көрме өткізілді. Бұл жерде жұртшылық мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан туындыларды тамашалады. Мәселен, Аққайың ауданынан келіп отырған Абылайхан Абрар шараға күз мезгіліндегі кірпіні жасап алып келген. Церебральды сал ауруына шалдыққан 7 жасар балғынның бұл алғашқы қолөнер туындысы емес.

Сусанна Дауренова – Абылайхан Абрардың анасы, Аққайың ауданы:

– Балам ұстазының көмегімен жасап шықты. Көп уақыт кеткен жоқ. Ермексаз бен желімді қолданып істеді. Бұған дейін де түрлі заттарды жасады.

Осы кезде мәдениет үйінің сахнасында өнерге бір табан жақын мүмкіндігі шектеулі жандар өз өнерлерін ортаға салуда. Шығармашылық байқауға қатысушылар өлеңдерді мәнерлеп оқудан сайысты. 12 жастағы Медрес Кеңесов Мағжан Жұмабаевтың “Қазақ тілі” өлеңін оқып, көрермендерді ерекше дауысымен тәнті етті.

Медрес Кеңесов – “Шексіз өнер” облыстық шығармашылық фестивалінің қатысушысы, Қызылжар ауданы:

– Өзімді жақсы ұстадым деп ойлаймын. Мен мұнда ұстазыммен бірге келдім. Осындай сайыстарға тағы да қатысқым келеді. Мен Мағжанның өлеңдерін қатты жақсы көремін. Сол себептен осы өлеңді таңдадым.

Бұдан соң шығармашыл жеткіншектер аспапта ойнау шеберлігін паш етті. Айыртау ауданынан келген Бердібек Бейбітхан домбырамен “Ақбұлақ” әнін орындап шықты.

Бердібек Бейбітхан – “Шексіз өнер” облыстық шығармашылық фестивалінің қатысушысы, Айыртау ауданы:

– Мен 8 жасымнан домбыра тарта бастадым. Мұғалімім үйретті. Содан бастап үйрендім ақырындап. Ол асыл ана, желтоқсан және әр түрлі күйлер.

Жалпы облыстық шығармашылық фествальдің қатысушылары 3 жас ерекшелігі бойынша өнер көрсетті. Жеңімпаз атануға үміткерлер көп, бірақ жүлделі орындардың саусақпен санарлық екені белгілі. Сол себепті, қазылар алқасы әр жеткіншектің орындау шеберлігіне баса мән берді.

Ақжан Кәрім – “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры:

– Байқауға үміткерлер 6 аталым бойынша қатысты. Жас ерекшелігіне шектеу қоймадық. Шараға 7 жастан бастап 60 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Бұл байқауды жылда өткізу жоспарымызда бар.

Айта кетейік, фестивальде жүлделі орын иеленгендерге бағалы сыйлықтар мен диплом табысталады.

 

 

Бахыт Садвокасов