Қоғам

Өңірде туристерді қабылдау үшін барлық мүмкіндік бар

Теріскей өңірінде туристерді қабылдау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Дегенмен, жетілдіруді қажет ететін бағыттар да жоқ емес.

Ауасы таза, табиғаты сұлу. Теріскей өңірі – туризм саласын дамытуға ең қолайлы өлкелердің бірі. Нағыз шыжыған жаз мезгілі мұнда көпке созылмаса да жарты жылдай уақытты алатын қысты тиімді пайдалануға болады. Бұдан бөлек, аймақта спорттық, медициналық бағыттағы және аңшылық туризмі де бар. Дегенмен, әзірге жыл он екі ай жұмыс істейтін демалыс орындары аздау. Сондықтан, осы сала мамандарының келесі аптада шаһарда өтетін 15-ші өңіраралық форумға артып отырған үміттері зор. Себебі, ауқымды шара шипажайлар, курорттық зоналардың дамуына зор серпіліс беретіні сөзсіз.

Владимир Витченко – СҚО туристік қауымдастығының төрағасы:

– Соңғы жылдары СҚО-да туристік индустрия жақсы дамып келеді. Әрине, біздің мақтанышымыз – табиғатымен Бурабайдан кем түспейтін Имантау-Шалқар аймағы. Сондықтан, қазір аталған туристік зонаға өте көп инвестиция құйылуда. Ол өлкеге келетін шетелдік демалушылардың саны да аз емес. Бұл тізімді Ресей елінің азаматтары бастап тұр. Ал форум өткеннен кейін теріскей өңірі жайлы білетіндердің қатары артатыны белгілі.

Тағы меймандар Петропавлдың да көрікті жерлеріне бара алады. Бұндай экскурсияларды ұйымдастырумен «Прогресс» туристік агенттігі 94-ші жылдан бері айналысып келеді.

Наталья Зварич – «Прогресс» туристік агенттігінің директоры:

– Біздің агенттік қала тұрғындары мен қонақтары үшін экскурсияның түр-түрін ұсына алады. Шаһардың көрікті жерлері мен әдемі нысандары аз емес. Келушілер әдетте мешіт пен шіркеулерге ерекше қызығушылық танытады. Бұдан бөлек, облысымыздың демалыс орындарын да аралайды.

Мамандардың сөзінше, туристік саланы дамыту үшін елімізге келетін шетелдіктердің шекарадан өтуін оңтайландыру қажет. Бұл мәселе де Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық форумында көтерілетін болады.

Эльмира Садвокасова