Қоғам

Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы қорытындыланды

Қарты бар ел – қазыналы ел. Бір айға жалғасқан қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы концертпен аяқталды. Облыс орталығында өткен шараға қаладағы ардагерлер ұйымдарының белсенділері жиылды. Мұнда осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс таразыланып, алға қойылған жоспарлар айтылды.

Мына залға қаламыздың белсенді қариялары жиылған. Бүгінгі шара салтанатты түрде қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығын тәмамдайды. Бірақ, аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету тоқтап қалмақ емес. Өйткені, олардың сіңірген еңбегі де, жастар тәрибесіндегі орны да өлшеусіз. Мұны, қарияларды шаһар басшылығының атынан құттықтаған «Нұр Отан» партиясы қалалық мәслихатының хатшысы – Арман Бердағұлов тілге тиек етті.

Арман Бердлағұлов – «Нұр Отан» партиясы қалалық мәслихатының хатшысы:

– Айлық зу етіп тез өте шықты. Осы уақытта біраз шаруа атқарылды. Бірақ қарт адамдармен мүгедектерді қолдау шаралары тек айлық аясында ғана емес, ылғи жалғасын таппақ. Өйткені, сіздердің ұрпақ тәрбиесіндегі жұмыстарыңыз өлшеусіз. Сіздерге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Айлық барысында белсенділік танытқан арадагерлер ұйымдарының төрағалары марапатқа ие болды. Солардың бірі – Ирина Ануфриева. Ол құрамына 3 мыңнан астам қария кіретін Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесіндегі бірлестікке жетекшілік етеді.

Ирина Ануфриева – Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Біздің ардагерлеріміз жылына бір рет алыс сапарға тегін жүре алады. Қалааралық қатынастарға да поездарға билеттер беріліп тұрады. Жер үйде тұратын қарияларға көмір алуға ақша бөлінеді. Тіс емдеткісі келетіндерге де қаржылай қолдау көрсетіледі. Айлық аясында науқастанып жатқан барлық ардагерлерімізге барып қайтттық. Спорттық, мәдени жарыстарға да қатысып тұрамыз.

Айта кетейік, бүгіндері қаламызда осындай 210 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Олар 26 мыңнан астам аға буын өкілін біріктіреді екен. Шара барысында қариялар өздеріне қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созған барша жандарға ризашылық білдіріп, оларға ардагерлер кеңесінің атынан алғыс хаттар табыс етті.

Бүгіндері шаһарымызда 57 мыңнан астам зейнет жасындағы жан бар. Олардың барлығы айлық аясында түрлі концерттерді тамашалап, экскурсияларға қатысқан. Ардгерлер өздеріне жасалып отырған жағдайға дән риза. Сондықтан көтеріңкі көңіл күймен өнерпаздардың әзірлеген бағдарламасын тамашалауда.

Магжан Ахмадина