Денсаулық сақтау

Қарашаның 1-інен балаларды емханаға онлайн режимінде тіркеуге болады

Енді балаларды емханаға тіркеу үшін кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қарашаның 1-інен бастап тұрғындар аталған қызмет түрін “egov.kz” порталы арқылы онлайн режимінде жүзеге асыра алады.

Қазіргі таңда елімізде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – балаларды емханаға онлайн режимінде тіркеу. Ол үшін тұрғындар “egov.kz” порталына рәсімделуден өту керек. Сондай-ақ, электронды цифрлық қолтаңбаның болғаны шарт. Кейін жерлестеріміз сол порталдағы “Денсаулық сақтау” бөліміне кіріп, тиісті командаларды орындауы қажет.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

 – “Денсаулық сақтау” бөліміне өткен соң баланың жеке сәйкестендіру нөмірі енгізіледі. Оның негізінде туыстық байланысты анықтау үшін “Азаматтардың хал актілерін тіркеу” бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сұрату жолданады. Осы ретте ескеретін жайт, баланың ата-анасы ресми түрде некеде тұрмаса және 2007 жылға дейін туылған балаларға онлайн-қызмет көрсетілмейді”. Жалпы, емханаға тіркелу нәтижесін өтініш берушілер жеке кабинетінен көре алады.

Бүгін бұл қызмет түрін Раушан Еспенбетова да қолданбақ. Халыққа қызмет көрсету орталығына бет алған нәзікжанды Петропавлға Елордадан жақында ғана көшіп келіпті. Сондықтан, емханаға 2 баласын да тіркеуге асыққан. Барлық қажетті операцияны орындау үшін нәзікжанды небәрі 5 минут уақытын жұмсаған.

Раушан Еспенбетова- ата-ана:

 – Енді бұрынғыдай емханаға балаларымды бірге алып барып, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қазір бұл жаңашылдықтың арқасында уақыт үнемдеуге болады. Балақайларымды өзім бекітілген медициналық ұйымға тіркедім.

Сондай-ақ, бұл істі “Telegram Bot” қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады. Айта кеткен жөн, жыл сайынғы халықты емханаларға тіркеу науқаны қарашаның 15-іне дейін жалғасады.

 

Молдир Шаяхмет